Базаршоланда Байбарақ батырдың кесенесі ашылды - БҚО
Аумағы сегіз қанат киіз үйдің көлеміндей болып қаланған кесененің сыртқы келбетінде киіз үйдің нақыштары менмұндалап-ақ тұр. Есігінің маңдайшасына «Байбарақ ата» деп жазылып, бес қаруы қабырғаға ілулі тұрғандай қылып тастан қашалыпты. Батырдың мұсылмандығын білдіретін дулығасының сәлдесі де көрсетілген. Кесененің сыртқы безендірілуінен бабаның еліміздің азат, бейбіт күнін аңсағандығын білдіретін шапағын шашқан күн бейнесі де табылады. Қазақы ою да үйлесім тапқан.
Сәулеті келіскен кесененің авторы - бұған дейін Сырым, Мұхит бабалардың облысымыздағы ескерткіштерін салған маңғыстаулық шебер Ермұхамбет Әлиев. Құрылысы тура екі айда аяқталған. Биіктігі - 11, ені 6 метр. Басты құрылыс материалы ретінде Үстірттің ақ тасы таңдалыпты. Оның ерекшелігі - жауын-шашын мен желге одан сайын қатая түсіп, беки береді екен.
- Бұл - ескерткіш кесене, оның астында батыр бабаның сүйегі жатқан жоқ. Ұрпақ тәу етер кесенені Байбарақ Құдайқұлұлы жатырған қорымның қасына тұрғыздық. Қорымдағы құлпытастар ескіріп, олардағы қаріптерді оқу мүмкін болмағасын, батырдың зиратын дәл табу қиындау. Қателесіп, басқа адамның басына ескерткіш қоюға да болмайды, - дейді кесене құрылысын ұйымдастырушылардың бірі, маңғыстаулық кәсіпкер Асылбек Бисембаев.
Тарихи ескерткіштің ашылуына халық Маңғыстаудан, Атыраудан, Ақтөбеден, Астанадан ат арылтып келіпті. «Қор құрылғанын, кесене тұрғызылғанын естіп, Ақтөбе облысынан арнайы келдім. Байбарақ - тек Кіші жүздің ғана емес, иісі қазақтың ортақ батыры. Оның батырлығы көпке үлгі болып, есімі тұтас бір рудың ұранына айналған. Халық арасында ерлігін баяндайтын әңгімелер баршылық. Ол туралы көп іздендім, әлі де мәліметтер табылатынына сенімдімін», - дейді тарихшы Ибраһим Ермекбаев.
Батырдың рухына Құран бағышталды. Жан-жақтан келген ғалымдар, өлкетанушылар батыр туралы білгендерін жиылған көпке әңгімеледі. Батыр туралы жиналған деректер топтастырылған «Байбарақ батырдың бастауы» атты кітапша таратылды.
- Байбарақ батыр туралы марқұм тарихшы-ғалым Исатай Кенжәлиев 1997 жылы облыстық «Орал өңірі» газетіне мақала жазды. Іздене келе батырдың сүйегі осы қорымда жатқанын білдік. Ұрпақтарын іздестірдік. Батырдың ұрпағы ақын Кама Хамиқызының аузынан біршама тарихқа қанық болдық. «Байбарақ батыр» деген аймақтық қор құрдық. Мемлекеттен қаржы сұралған жоқ, бұл - халықтың тұрғызған кесенесі. Мамыр айында дәл осы жерде ас берілу жоспарлануда. Ұлы бабаларды ұлықтау ұрпаққа керек, - деді осынау игі іске бастамашы болып жүргендердің бірі, танымал әнші Сағадат Рахметжанов.