АҚШ Президенті бұл туралы 16 қыркүйекте Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің Канаданы Еуропалық одақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» ету жөніндегі ұсынысына қатысты пікір білдірген кезде айтты.
– Мен мұны күлкілі деп санаймын. Егер олар осындай қадамға барса және мен оны қандай да бір деңгейде достыққа жатпайтын әрекет деп бағаласам, өте жоғары баж салығын енгіземін немесе Еуропамен сауданы тоқтатамын. Егер ниеттері дұрыс болса, бәрі жақсы. Ал ниеті теріс болса, Еуропаға өте жоғары баж салығын енгізу – мүмкіндіктердің бірі, – деді Дональд Трамп.
Бұған дейін Урсула фон дер Ляйен Еуропарламентте Канада Премьер-министрі Марк Карнидің қатысуымен сөйлеген сөзінде ЕО мен Канада қарым-қатынасын «мүмкін болатын ең жоғары деңгейге» көтеруді көздейтінін мәлімдеді. Ол Канаданың Еуроодақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» болуына жол ашу үшін Карнимен бірлесіп жұмыс істегісі келетінін айтты.
Фон дер Ляйеннің айтуынша, тараптар озық өндіріс, технология, қорғаныс өнеркәсібі, Арктика, энергетика, маңызды минералдар, аккумуляторлар, жасанды интеллект, кванттық технологиялар, киберқауіпсіздық және экономикалық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуді жоспарлап отыр. Ол бұл әріптестік басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмайтынын атап өтті.
АҚШ пен Канада арасындағы сауда қатынастары да шиеленісіп отыр. 16 қыркүйекте Трамп Канада тауарларының АҚШ-тың федералдық мемлекеттік сатып алуларына қатысуын шектеуге бағытталған меморандумға қол қойды. Ақ үй мұны Канаданың америкалық компаниялардың мемлекеттік сатып алу нарығына қол жеткізуіне жаңа кедергілер енгізуіне жауап ретінде түсіндірді.
Сонымен қатар 15 қыркүйектен бастап Канаданың бірқатар тауарларына қатысты қосымша 50 пайыздық баж салығы күшіне енді. АҚШ әкімшілігінің ресми құжаттарында бұл шаралар Канадамен арадағы сауда дауына байланысты қабылданғаны көрсетілген.