Соңғы он жылдың көлемінде сәбиін бөгде біреудің есік алдына, жертөлеге, сорақысы, қоқысқа тастап кететін тасбауыр аналардың саны еселеп артқан. Бір ғана Алматының өзінде бір айда 15 әйел баласынан бас тартқан жағдайлар тіркелген. Сорақысы сол, шараналардың басым бөлігінің мәйіті табылады екен. Мұндай сорақылықтардың алдын алу үшін денсаулық сақтау саласының мамандары дүние есігін аша салып қорлық көрмеуінің алдын алып, көкек аналардың сәбилерді көрінген жерге емес, арнайы қорапшаға салуына мүмкіндік қарастырып отыр. Әзірге тек жоба ретінде ұсынылып отырған «Бэби-бокс» деп аталатын контейнер тәріздес темір қораптарды орнату мемлекет тарапынан қолдау тапса перзентхана мен ауруханалардың маңына қою жоспарлануда. Бастаманы қолға алушылар соңғы кезде қоқысқа тасталып жатқан сәбилер санының артуы себепті осындай қадамға барып отырғандарын жеткізді. Бір қызығы, олар жәшікке бала салудың да арнайы шарттарын қарастырып отырғанға ұқсайды. Яғни, онда салынған баланың денесінде ешбір зақым болмауы тиіс. Егер қандай да бір зақым байқалған жағдайда нәрестенің анасы іздестіріліп, жауапқа тартылады. Ал, ешқандай сызат болмаса сәби бірден балалар үйіне жіберіледі. Бала салынған бойда жәшік құлыпталып, арнайы дабылқаққыш арқылы медицина мекемесіндегілерге хабар беріледі. Және кім әкеліп тастағанын анықтау үшін де арнайы бейнебақылау қондырғылары орнатылмайды. Мамандар бұл мәселе бір-екі адамның шешімімен ғана жүзеге аспайтындығын айтады. Көптеген дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сай ұсынылып отырған жоба жүзеге асса мемлекеттің де біраз қаржы бөлуіне тура келеді екен. Себебі, қысы-жазы қалыпты температураны сақтап тұратын мұндай қорапшалар аз ақша тұрмайтын көрінеді.
Жалпы, мемлекет тарапынан тастандылар тағдырына алаңдаушылық білдіріп, түрлі шаралар қолға алынуда. Тіпті, енді ғана дүние есігін ашып, тағдыры тәлкекке түскен періштелердің лек-легімен шетелге сатылғандарының көшін тоқтатып, жетімдер үйіне топтастырып, тәрбиелеуде. Мамандар тарапынан жасалып жатқан кезекті қадам да дұрыс шығар. Бейкүнә сәбидің тасбауыр ана қарекетінен зардап шекпеуінің алдын алу керек те болар. Дегенмен, әркімнің көкейінде қоғам көкек анаға осындай мүмкіндіктер беру арқылы олардың санын арттырып алмас па екен деген қорқыныш қылаң беріп тұрғаны жасырын емес. Қарап отырсаңыз, бұл мәселеде «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кері келіп тұр.
Қоғам қандай да бір қатаң шара қолдану арқылы тасбауыр ана, тастанды бала ұғымын түп-тамырымен жойып жібермесі анық. Кезіндегі жаза басып жаңылысқаны үшін бойжеткеннің қылығына қырын қарайтын қоғамды да қалпына келтіре алмаспыз. Десек те, кеселмен қоғам болып күресудің, некесіз бала туып, соңында тағдырын тәлкекке салудың ұлт тағдырына түскен қара таңба екендігін жастардың бойына сіңіретін дүниелер жасалуы керектігі жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Жай сөз, жалаң ұранмен әспеттей бергенше мәселені шындап қолға алатын кез келген сияқты.
Алматы қаласы, Денсаулық сақтау басқармасы, Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бағдагүл Әбдірәсілованың айтуынша, тастанды балалар мәселесі тек бізді ғана емес, әлемді алаңдатып отырған жайт. Және әлем құр қол қарап отырған жоқ, әсіресе, дамыған елдер бұл мәселеге білек сыбана кірісіп кеткен. Біз жоба ретінде ұсынған «Бэйбибокс» жәшіктері сол әлем тәжірибесінен алынып отыр. Жалпы, бұл мәселені түп-тамырымен жойып жібере алмасақ та бала тағдырына бей-жай қарамауға тиіспіз. Перзентханада баласынан бас тартатын аналардан бөлек, сыртта жасырынып, қақаған қыста да сәбиін далаға тастап кетіп жатқан көкек аналардың көбейгені қынжылтады. Бір ғана мысал, жақында Қарағанды қаласында жаңа туылған шарананы анасының далаға тастап кеткендігі туралы бүкіл БАҚ жариялады. Сорақысы, сәбиді қаңғыбас иттер сүйреп тастаған. Осы оқиғаға қалай күңіренбейсіз. Бұл бүгін болып, ертең қайталанбайтын оқиға емес, біздің жобаны ұсынудағы мақсат та сол, бала дүниеге келгесін ата-ана мейіріміне сусамаса да аман-есен, дені сау ұрпақ болып қалыптасса екен дейміз. Оның арғы қарайғы тағдыры тәлкекке түседі деп болжауға тағы болмайды. Кім біледі, жетімдер үйінде тәрбиеленген азаматтардың ішінде де саналысы, ел игілігіне қызмет етіп жатқандары бар. Бастысы, аман-есен, дені сау болып өсеріне сенейік. Ол да мемлекеттің байлығы.