***
«Бэби капут» немесе жануарларға арналған дәріден жатыры шірігендер». «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында дәл осы тақырыппен жарық көрген мақалада қоғамымызда дендеген өзекті проблемалардың бірі қозғалыпты.
«Бұл жайлы әріптестеріміз де әлсін-әлсін болса да жазып келеді. Бірақ, одан әлі де басына тимей, ол қасірет өзін жанамай сабақ алып жатқандар аз. Есесіне кез келген құпиясымен барлық кезде бөлісуге әзір әйел болмысы құрсаққа біткен қажетсіз баладан құтылудың «оңай жолын» құрбысына айтпай тұра алмайды», - деп жазады мақала авторы.
Автордың жазуынша, дәрігерлердің бақылауымен жүктілікті үзу кәдімгідей қаражат пен (ай-күніне қарай 25-40 мың) түрлі медициналық үдерістерді қажет ететін болса, қытай дәрісімен бар болғаны бес мың теңгеге одан құтылуға болатыны және ешкім де білмей қалатыны ілуде біреуге ғана көмектеспек. Онда да оның кесірі мен зиянды әсерлері кейін біліне бастайды. Ал көп жағдайда жануарлардың жүктілігін үзетін дәрі ішіп далбасалағандардың барлығы дерлік қан кетіп, жедел жәрдеммен ауруханадан шығады немесе ауыр жағдайда баласымен бірге жатырынан айырылады. Іштегі баланы іріткен дәрі құрсақты да шірітеді.
«Осы жерде мына жайды айту керек. Неге медициналық мекемелер мен құзіретті органдар мұндай мәселеге келгенде түсініктеме беруден бас тартады? Өйткені, дәл осындай жағдайда түсік тастап немесе қан кетіп ауруханаға жедел жәрдеммен түскен адам мұндай дәрі қабылдағанын жасырады. Әйел өз ағзасының әлсіздігінен түсік тастады ма, әлде бұл жағдайға жоғарыдағыдай әрекеттердің салдарынан душар болды ма, ол арасын айтпайды. Белгілісі «белгісіз у мен уланған». Сондықтан, бұл мәселеде дәл статистика жоқ және оны жасау да мүмкін емес», - делінген мақалада.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бүгінде статистикалық мәлімет бойынша, үйленген жастардың жыл сайын үштен бірі ажырасып жатады. 10000 жас үйленсе, соның 3300 жұбының шаңырағы ортасына түседі. Сонда он жылда 33 мың отбасының ойраны шығады. Одан әрі солай жыл сайын қосыла береді, тірі жетім мен жесірлер, жалғыз басты аналар еселеніп көбейе береді. Сонша трагедия деген сөз. Сонда тойда айтылған: «Босағаң берік болсын, шаңырағың биік болсын», деп берген ақ бата мен ақ тілектеріміз қайда қалды? Кім кінәлі? ««Отбасы шағын мемлекет», деген қанатты сөзіміз бар. Шынында да солай. Олай болса, мемлекет ішіндегі ыдырап жатқан шағын мемлекеттерімізді қалай қорғаймыз? Егер дұрыс есебін шығаратын болсақ, олардың саны миллионнан асып жығылады. Мұның сыртында отырса да орнын таппаған қыздарымыз жүз мыңдап саналады. Олардың біразы «басыбайлы жарымыз болмаса да ана болып, бала сүйейік» деп, көңілдестерінен бала туып, жалғызбасты аналар санын көбейте түсуде. Сонша әкесіз өсіп жатқан балалар, сонша көз жасын көл қылып жүрген жалғызбасты аналар деген сөз. Олар «Жар құшпадым, құшағымды жандырып» деп бір ақын әйел жыр еткендей, жап-жас кезінде жесір қалып, жар құшағын аңсаумен өмірі өксіп, күн кешеді емес пе? Мұны жүрекпен де, баспен де ұғып түсінсек керек», - деп жазады автор. Мақала «Келін оңбай, қазақ оңбайды» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жандос Мұратәлиевпен арадағы сұхбат «Жолдағы жемқорлықтың бастаушысы да, итермелеушісі де жүргізушілердің өздері» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген полковник: «Біріншіден, айыппұлдар мөлшерінің көбеюі әрбір заң бұзған жүргізушінің қалтасына бататыны анық. Сондықтан, ондай әрекетке жол бермес бұрын жүргізуші алдымен ойлануы тиіс. Ал егер, заңбұзушылықты жасаған жағдайда оны мойнымен көтеріп, заңды түрде айыппұлдарды төлеуі қажет. Ол үшін заңды жолдар қарастырылған, қосымша айла-амалдарды іздеп, қолма-қол төлеудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу, азаматтық позициясы жоғары адам өз тарапынан ешқандай парақорлыққа жол бермеуі тиіс. Өкініштісі сол, бүкіләлемдік тәжірибе көрсеткендей, біздің қоғам ішінде де жол қозғалысында жемқорлық әрекеттердің бастаушысы да, итермелеушісі де әдетте жүргізушілік құрамның өзі. Ол кеселмен қоғам, ел деңгейінде күрескеніміз жөн», - дейді.
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен ауыл тұрғындары үшін айрықша жоба жүзеге асқалы жатыр», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі ««Нұр Отан» Үкіметпен бірге ауыл еңсесін тіктейтін жобаны бастамақ» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, екі жыл бойына Оңтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба ретінде жүргізілген ауыл тұрғындарына төмен пайызбен несие беру ісі Елбасының «100 нақты қадам» жоспарымен тікелей үндесіп отыр. Енді жоғары нәтиже көрсеткен ерекше бастама партияның қолдауымен 2016 жылы 5 облыста іске асырылмақ. Кеше Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов пен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бірлескен түрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» деп аталатын жобаны іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды. «Елбасы Үкімет алдына әлемдік экономикадағы бүгінгі жағдайға сәйкес халықты барынша жұмыспен қамту міндетін қойып отыр. Партия көптеген мәселені жіті зерттеп, зерделей келе, ұсынылып отырған жоба барлық талаптарға жауап береді деген тоқтамға келді. Жоба аясында ауыл тұрғындарына 6 млн теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген мөлшерлемемен шағын несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Келесі жылы пилоттық жоба ретінде 5 аймақ Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары еніп отыр. Жақын күндері аталған өңір жетекшілерімен де меморандум жасаймыз», - деді қол қою рәсімінде сөйлеген Асқар Мырзахметов.