Бедеулік – үкім емес: ЭКҰ-дан кейін табиғи жолмен бала көтерген ананың кеңесі

Фото: Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – 1 маусым, яғни Халықаралық балаларды қорғау күні «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында перзентті болған 100-ден астам ата-ана Астанада бас қосқан болатын. Солардың ішінде екі ананың кейсі бізге ерекше көрінді. Бірі бағдарламаның арқасында жүре пайда болған бедеулікке қарамастан екі бала сүйсе, екіншісі тұңғыш баласын экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы дүниеге әкеліп, екінші баласын табиғи жолмен көтерген.

Он жыл күттірген екінші бала

Әсел Жұбаеваны Instagram жұрты «Перзентті болу» клубының негізін қалаушы ретінде біледі. Жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы бала сүйгісі келетіндерге ақпараттық, психологиялық көмек көрсететін қордың жұмысын жолдасымен бірге үйлестіріп отыр. Қазір өзі жол сілтеп жүрген жұптардың басындағы қиындықты кезінде өз басынан өткерген.

«2008 жылы «08.08.08» деген әдемі датада тұрмыс құрып, 2010 жылдың 2 наурызында ұлымды ешбір қиындықсыз босанған болатынмын. Ол кезде 21-ден асқан кезім. Бірінші бала аман-есен дүниеге келгендіктен, «екінші баланы көтеруде қиындық болады-ау» деген ой еш келген жоқ. Жүктіліктің алдын алу деген сияқты тәсілдерді ешқашан қолданып көрмеген едім. Ондайдың не екенін де білмеймін. Бірақ екінші бала көтеру мүмкін емес болып кетті. Басында күйеуім ЭКҰ-ға қарсы болды. Ортақ шешімге келу үшін 10 жыл уақыт өтті. Клиникаға келгенде мамандар маған «резервіңіз төмен» дегенді айтты. Екінші балама 5 рет талпыныс жасап барып жүкті болғаным да содан екен. Талпыныс деп отырғаным мынау, әйелден жұмыртқа жасушасын алады. Әдетте ЭКҰ-ға жүгінетін әйелдерден бір алғанда 5-6 жасуша шығады. Ал менен жалғыз жасуша ғана шығып тұрды. Күйеуімнің ағзасынан ешқандай ақау табылған жоқ. Менде түтікшелердің өткізу қабілеті мен резерві төмен, эндометриоз деген диагноздар белгілі болды», - деп еске алады Әсел.

Фото: «Перзентті бол» клубы

2020 жылдың мамыр айында алғашқы ем алған жұп қазан айында мамандардан сүйінші хабар естиді. Осылайша 2021 жылы Әсел мен Ерболдың шаңырағында екінші бала дүниеге келеді.

«Әрине, бұл жолда бастан небір қиындық өтті. Өйткені жатырдан тыс ұрықтандыру тәсілі туралы ақпарат тым аз болатын. Көзін ашып үлгермеген марғау сияқты едік. Ресейлік форумдардан там-тұмдап ақпарат жинай бердік. Бірақ ол ақпараттар тым аз болғандықтан, көп дүние түсініксіз болды. Дәрігерлер шамалары жеткенше түсіндірген болады. Бірақ олардың терминмен айтқан сөзін әңгіме кезінде түсініп тұрғандай болғаныңмен, шыға бере ұмытып қаласың. ЭКҰ кезінде ағзамыз қалай өзгеретіні, жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келген бала ертең қандай адам болатыны, жалпы денсаулығымызға болашақтағы әсері туралы мәліметтер алу қиын болды. Кейін осы тәсілмен бала сүйгісі келген ата-аналар біз жасаған қателіктерді қайталамасын деп Instagram-нан «Перзентті бол» деген атпен парақша аштым. Одан бөлек WhatsApp тобымыз да бар. Соның негізінде «Перзентті болу» дейтін қордың клубы жұмыс істеп тұр. Қазір осы клубта 3 мыңнан астам адам бар. Бұл қауымдастық бүкіл Қазақстанды қамтиды. Қазақстаннан сыртта тұрып жатқан отандастарымыз да бізден көмек алып отырады. Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Ресейден де көп адам хабарласады», - дейді Әсел Жұбаева.

Айтуынша, қауымдастықтағы ата-аналардың орташа жасы 35-45-тің арасында. 18 жасында тұрмысқа шығып, 23-24 жасқа дейін бала сүйе алмаған жас жұбайлар да бар көрінеді.

«Мен арқылы ЭКҰ-ға келген ең жас ана 22-де болды. Ерте тұрмысқа шығып, 4 жыл бойы бала көтере алмаған. Біздің клубтың функциясы – бала сүйе алмай жүрген жұптарға медицинаның тілінен алшақ, қарапайым адамға түсінікті тілмен ақпарат беру. Бізге өңірлердегі ауылдар мен шағын қалалардан көп хабарласады. Олардың ақпарат қабылдау деңгейі, ойлау жүйесі әрқалай. Оның үстіне, мамандарға негізінен әйелдер жүгінеді. Олар дәрігерден естігенін күйеуіне өзінің түсінгені бойынша жеткізіп барады. Кейде бұрмаланған ақпаратты естіген күйеулері шоршып түседі. ЭКҰ-ға қарсылық деген көбіне осындайдан туындайды. Біз солай болмау үшін психологиялық, әдістемелік көмек көрсетеміз», - дейді ол.

Қорға ай сайын 5-6 жұп келсе, соның бәріне дәрігерлерден бөлек психологтер көмек көрсетеді. Бір жұпқа қордың есебінен 5 рет психолог кеңесі ұсынылады. Нарықта ондай кеңестің бір сеансы 25 мың теңгеден басталатын көрінеді.

«Ол қызмет біздің қорға келген жұптар үшін тегін болғанымен, мамандарға ақшасын біз төлейміз. ЭКҰ арқылы жүкті болу мен табиғи жолмен жүкті болудың еш айырмашылығы жоқ. Тіпті ұлыма жүкті болған кез ауырлау өткен шығар. Шетінеп кете жаздаған кезі болған. Бірақ ол кезде алғаш рет ана атандым ғой. Содан да болар. Ал екінші баламда жүктілік те, босану да жеңіл өтті. 2023 жылы жасанды жолдың көмегімен тағы бір қыз дүниеге әкелдім», - деп күледі Әсел.

Біз сөйлескен ата-ананың бәрі әңгімесін Астанадағы «Экомед» орталығының медициналық директоры Алмас Ибрагимовпен танысқан сәтінен бастайтыны таңғалдырды. Әсел де осы маманның кәсібилігі талай жұптың сенімін нығайтып, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге себепкер болғанын айтады.

«Алмас Құрманәлиұлы маған ана болудың жоспарын құрып берген. Үшінші рет перзент сүйгіңіз келсе, көп ойланбаңыз. Бірнеше жылдан кейін ЭКҰ көмегімен де өз жасушаңыздан бала сүю мүмкіндігіңіз азайып кетуі мүмкін» деп ескертті. Соның кеңесі бойынша 2023 жылы тағы бір қыз өмірге келді. Өз жасушаңыз жетпей, жарамай жатса, жақын туыстарыңыздың жасушасын донорлық азға ретінде әкелуге де болады. Жалпы мұндай клиникаларда донорлық банк бар. Сол жасушаларды да пайдалануға болады», - дейді.

Әсел айтады, қазір бедеулік факторындағы ерлер мен әйелдердің үлесі қарайлас. Бұдан сәл бұрын ерлердің үлесі көп болыпты.

«Әйел баласы төзімтал келеді ғой. Ал ер адамдарға ай сайын анализ тапсырып, протокол жасау моральдік жағынан да, психологиялық жағынан да ауырлау. Бірақ ортақ бала болу үшін соңына дейін шыдау керек. Процедурадан орта жолда бас тартатын жұптар бар. Тіпті ЭКҰ қызметіне жүгініп тұрып, соңғы сәтте ажырасып кеткендер болды. Ондай кездерде психологтерді барынша іске тартамыз. Психолог әйелмен ғана жұмыс істемейді. Бүкіл отбасымен жұмыс істейді. Өйткені, ЭКҰ-мен байланысты ұсақ-түйек процестер кейбір отбасыларға кәдімгідей күйзеліс болып тиеді. Әр жасуша үшін алаңдайсың. Эмбрион деген соншалық нәзік жаратылыс қой. Ағзадан алған эмбрион жатырдан тыс ортада 5 күн жетіліп, жатырға жарамды екені анықталғанға дейін тұтас бір ғасыр өткендей болады. «Бәрі сәтті бола ма, болмай қала ма» деген уайым екі жақты да жеп жібереді. Ол эмбрион жарамды болып шықса, жатырға қондырады. Одан кейін күтіміңіз өте жақсы болу керек. 14 күн ішінде жүктілік белгілері біліну керек. Оны күту де қиын. Үкім күтіп жүргендей күйде боласың. Көбінесе әйелдер осы кезеңде ұйқыдан мүлдем қалады. Жылау мен күлуі сәт сайын ауысады. «Шатырым кетті» дейтін сөз осы кезге дәл келеді. Біз клубқа мүше аналарды, әсіресе осы кезде барынша қамқорлығымызға аламыз. Өйткені оның бәрі өз басымыздан өткен», - дейді Әсел.

Біз куә болған іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да барған. «Аңсаған сәбиге» қатысушы аналар министрге өз ұсыныстарын айтты.

Фото: «Перзентті бол» клубы

Әсел Жұбаева мемлекеттің «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша берген квотасын бір циклде ғана қолдануға болатынын айтады. Мысалы, жұмыртқа жасушасын тесіп ішінен жасуша алғаннан кейін жатырдан тыс ортада ұрықтандырып, 5 күн күтеді. Бесінші күні эмбрионды жатырға салады. Бірақ бағдарламаның бұл талабына сәйкес келмейтін әйелдер бар екен.

«Оларға 5 күн өте салып эмбрионды салуға болмайды. Ал мемлекеттік бағдарлама оны күтпейді. Сонда мұндай аналар «Аңсаған сәби» бағдарламасын толықтай пайдалана алмай қалады. Эмбрионды жатырға салу процесін кейін өз қалтасынан төлеп жасатады. Ол процестің бағасы Қазақстанда 250 мыңнан 350 мың теңгеге дейін барады. Біздің топта ЭКҰ арқылы бала сүю үшін тіпті пәтерін сатқандар бар. Министрге осы эмбрионды жатырға салу кезеңін ұзартуға мүмкіндік беру керектігін айттық. Шешілетін мәселе екенін айтып қуантты», - дейді «Перзентті болу» клубының жетекшісі.

«ЭКҰ арқылы әке атану ауызбен айтқанға ғана қиын»

Ербол Жұбаев, "Перзентті болу" клубының құрылтайшысығ Әселдің күйеуі:

«Отбасындағы негізгі тірек отағасы болғандықтан ЭКҰ-мен бала сүю үшін әйелге ерінің қолдауы өте маңызды. Аты қиын сияқты көрінгенімен әйелмен бірге клиникаға барып, анализдер тапсырудың еш қиындығы жоқ. Өзім соның бәрін бастан өткергендіктен сенімді айта аламын. Қиын ештеңесі жоқ, тек ниет болу керек.

Қордың жұмысына қайырымдылықтан түскен ақшаны жұмсаймыз. Тұрақты көмектесетін демеушілер бар. Түрлі ұйымдарға, меценаттарға жүгініп отырамыз. Клиникалар да жеңілдік түрінде көмектеседі.

Алғашқы баладан кейін арада ұзақ үзіліс болды. Енді екінші баланың дүниеге келетін кезі келді деп ойласақ та, жұбайым көтере алмады. ЭКҰ-ға солайша жүгіндік. Әйелім бірінші болып бастама көтеріп, мені көндірді. Ерлер клиникаға барып, анализ тапсырудың өзін қиын көреміз ғой. Жұбайымның сөзін жерге тастамайын деп жүріп сол іске өзім де жән-тәніммен кірісіп кеттім. Уақыт өте «баланы екеуміз де қаладық екен, бүкіл жолды бірге өтіп шығуымыз керек» деген ұстаным пайда болды. Тағы да айтам, мұның ешбір қиындығы жоқ. Алғашқы қадам жасау ғана қиын болуы мүмкін. Бұл істе қиындықтың бәрі баста. Бастағы ойды реттесе, басқасы оңай».

Фото: «Перзентті бол» клубы

«Аңсаған сәбидің» ақшасына қандай ем жасатуға болады?

Әсел Жұбаеваның сөзіне қарағанда, ауылдан, кенттер мен шалғайдағы шағын қалалардан келетін жұптардың негізгі мәселесі – ерлердің тысқары қалатынында. Тіпті проблема ерде болса да, бүкіл жұмысқа әйелі жүгіріп жүреді.

«Бала сүйе алмай жүрген аналар біздің чаттарда ата-енесіне көп шағым айтады. Журналистер осы мәселені көбірек жазса жақсы болар еді. ЭКҰ сияқты бағдарламаның бар екеніне қарамастан, «бала туа алмайтын бедеу болдың» деп келінін кемсітетін ата-ене көп. Бір қарасаң енесі де әйел ғой, әйел әйелдің жанын түсінуі керек емес пе? Өкінішке қарай, олай болмай жатады. ЭКҰ-ның шаруасымен басы қатып жүрген әйелге ата-ененің қысымы қосылып, күйзелісін күшейтіп жібереді», - дейді ол.

Жатырдан тыс ұрықтандыру деген бір рет клиникаға келіп тындыра салатын процедура емес екенін айттық. Бүкіл процедурадан өткенше бірнеше күн клиника тұрған қалада болу керек. Ал қалада баспанасы жоқ, ауылдан келген жұптар уақытша пәтер жалдап тұрады. Пәтер ақысын үнемдеу үшін бірлесіп пәтер жалдайтын жұптар болады.

«Аңсаған» сәбидің квотасы пәтер жалдауға ақша бермейді. Пойызбен қатынау шығыны, гормоналдық дәрі-дәрмек пен анализдер, жасуша алып, жатырдан тыс ұрықтандыру, оны жатырға салу процестері квота аясында төленеді. Жатырға эмбрион салынғаннан кейін 14 күн бойы гормоналдық дәрілер квота есебінен беріледі. 14 күннен кейінгі дәрі-дәрмекті әр жұп өз ақшасына алады.

Егер жұптың біріне қосымша ота немесе ем жүргізу керек болса, оны олар өз қалтасынан төлейді. Оталардың бағасы әрқалай болады. Мысалы, жатырдың гистероскопиясына кемінде 70 мың теңге төлеу керек. Ауылдан бар малын сатып келген жұптарға оның өзі қымбат болуы мүмкін. Негізі ондай ем-домның көбін МӘМС аясында тегін жасатуға болады. Бірақ ол үшін кезекке тұрып, жергілікті тіркелген жерде дәрігерге қаралу керек. Оның бәрі уақыт. Ал квота бір циклға ғана берілгендіктен МӘМС-тің тегін қызметіне қол жеткізу мүмкін еместей болып кетеді. Сондықтан ерлі-зайыптылар соңғы тиынын жұмсаса да ақылы істетіп жатады.

ЭКҰ-дан кейінгі табиғи жүктілік

Айнұр Азбаева Қарағанды облысы Шет ауданы Көктіңкөлі ауылында мұғалім болып жұмыс істейді. «Аңсаған сәби» бағдарламасының қолдауымен Астанадағы «Экомед» клиникасында бала сүйген аналардың фестивалі өтеді дегенді естіп, арнайы келген беті екен.

«Тұрмыс құрғаныма биыл жеті жыл болды. ЭКҰ-ға жүгіну керек деген шешімді өзім қабылдадым. 2020 жылы дәрігерлерге қаралуды тоқтатқан болатынмын. Өйткені нәтиже болмайтынын түсіндім. Соңғы рет ауруханаға барғанда жатырдан тыс ұрықтандырудың мүмкіндіктері туралы ақпаратты көзім шалды. Содан бастап әлеуметтік желіден ЭКҰ туралы мәліметтер іздей бердім. Сөйтіп жүріп Іnstagram-да Әсел Жұбаеваның парақшасын көріп қалдым. Негізгі мәліметтің бәрін сол жерден алдым десем болады. Дәрігерлердің айтып жүргенін адамға түсінікті тілмен жеткізеді екен. 2020 жылы дәрігердің қабылдауында болдым. Сол жерде біраз кеңес алдым. Мен қаралған клиниканың мамандары 4-5 айдан кейін Қарағанды облысында қабылдау жүргізді. Сол кезде жолдасым екеуміз 4-5 сағат кезек күтіп, кірдік. Сол қабылдаудан кейін бір тоқтамға келдік. Екеуміз де бала сүюге мүмкіндік бар екеніне сенгендей болдық. Содан бері жолдасым үнемі қолдап отырды», - дейді қарағандылық ана.

Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Кейіпкеріміз мұндайда ерлі-зайыптылардың бір-бірін қолдауы шешуші рөл ойнайтынын айтады.

«Дәрігер шешімімізді естіген кезде: «Өздерің бет алған екенсіңдер, бүкіл шаруасына өздерің жүгіресіңдер», - деп ескертті. Квота бар екенін де сол дәрігеріміз айтты. Сол жылы Президенттің кезекті Жолдауын тыңдап отырып, «Аңсаған сәби» бағдарламасының квота санын 1 мыңнан 7 мыңға көбейту керек дегенін естідім. Санамда бір үміт оты жарқ ете қалғандай көрінді. Оған дейін 1000 квотаның бірі бізге тие ме, жоқ па деген ой болған. Енді 7 мың адамның бірі бола алатын шығармыз деп жүгіре бастадық. Астанадағы клиникаға келгенге дейін бүкіл анализдерді тапсырып, құжаттарды реттеп, барынша дайындықпен келдік. Бірақ ішімде бір нәрсе мені қатты асықтырып тұратын. Квотаға жіберген өтініштің қорытындысын күтіп отырғым келмеді. 1,5 млн теңге несие алып, Астанаға келдік. Алмас Құрманәлиұлына: «Менде ақша бар, бастайық», - дедім. Ол кісі екі айдан кейін клиникаға «Аңсаған сәбидің» квотасы ашылатынын айтты. Бекер несиеге кіргенше 2 ай шыдаңыздар деп қоймады. Асығатын себебім, дәрігердің ЭКҰ-ға жарайтыным туралы қорытындысы бар болатын. Диагнозым сай келетін. Бірақ әулетімізге анық-қанығын айта қойған жоқпыз.

Квотадағы кезегіміз жеткенде Астанаға келдік. Ауылымыз теміржолдан алыс жатыр. Дәл сол кезде көлігіміз де сына қалған. Таксимен стансаға жетіп, сол жерден пойызбен Астанаға қатынап тұрдық. Бұл жақта туған әпкемнің қызы тұрады. Баспана жағынан жақындардың қолдауы болғанын айтуым керек. Туыстар ЭКҰ-ның көмегіне жүгінгенімізді аяғым ауыр болған кезде ғана білді. Көптен күткен бала болғандықтан шығар, жақындардың қолдауы бөлек болды. Оның алдында 1 жыл бұрын қайын атам қайтыс болған. Енемнің қолдауын қатты сезіндім. Жатырға эмбрион салатын күні марқұм атамыздың жылын беріп жатты. Атам мені өз қызындай көретін, жылдығына барғым келді. Бірақ күйеуім «Атаң саған екі дүниеде де разы, алаңдамай еміңді ал» деп тоқтатты. Осындай қолдаудың арқасында санамда бір теріс ой, күмән, қорқыныш болған жоқ. Осының бәрі ЭКҰ арқылы жасалған ем-домды одан әрі пайдалы ете түсті деп ойлаймын», - дейді Айнұр Азбаева.

Фото: А. Қазбаеваның жеке мұрағатынан

Бұл жұп ЭКҰ-ға деп алған 1,5 млн теңгені екі айдан кейін банкке қайта өткізіпті. «Аңсаған сәбиге» іліккенше бір тиынын да ұстамай, үйде сақтаған. Дегенмен, ЭКҰ шығындарына квотадан тыс 300-400 мың теңге жұмсағандарын айтады.

«Менің экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы ана атануымды ауылдастарым ерлік жасағандай қабылдады. Осы баланың аман-есен дүниеге келуін бүкіл ауыл болып күткен шығар. Бәрінің тілеулестігін сезіндік. Атын Мұхамедәли деп қойдық. Кейбір ауылдастар баламызды «жасанды бала» деп айтатын көрінеді. Ондайларға мән бермейміз. Өйткені, 9 ай құрсағымда көтергендіктен ондай әңгімелер маған әсер етпейді. 5 жыл бойы күтіп сүйген баламыз бірінші Жаратқанның құдіретімен, екінші бізге жолыққан білікті мамандардың арқасында аман-есен дүниеге келді деп ойлаймын. Осының бәрінен түсінгенім, ерлі-зайыптылар отау құрғаннан кейін 1-2 жылдың ішінде бала сүйе алмаса, көрінген аурухананың есігін тоздыра бермей репродуктологке жүгінуі керек екен. Қарапайым тілмен айтқанда, репродуктолог деген – бедеулікпен айналысатын маман. Бірақ репродуктологке жүгіну деген сөз – бедеулік маңдайыңа өмірбақи жазылды деген үкім емес. Оған менің жолым дәлел», - дейді ол.

Айнұр айтады, «Аңсаған сәби» бағдарламасы – қазақстандық отбасыларға беріліп отырған зор мүмкіндік.

«Бір-екі жылда бала сүйе алмағандар бірден осы «бағдарламаға» ілігуді ойлау керек деп ойлаймын. Баламыз сәуір айында екіге толды. Қаңтар айынан бастап оны емшектен шығарып, жазға салым екінші балаға ЭКҰ жасатып көрсек деп ойлап жүрдім. Өйткені алдыңғы протоколдан 5 эмбрионды банкке қатырып кеткенбіз. Жолдасым «КамАЗ» айдайды. Ол наурызда жұмыстан қолы біраз босайтынын, сол кезде Астанаға барып бастай беру керектігін айтқан. Сөйтіп жүргенде ақпан айында табиғи жолмен жүкті болғанымды білдік. Алғашқы ЭКҰ-дан кейін табиғи жүктілік орнаған. Репродуктологке бару деген үкім емес деп отырғаным сол.

«Аңсаған сәби» - бала сүйе алмай жүрген жұптарға беріліп отырған зор мүмкіндік. Бірақ бұл жерде уақыт жоғалтпау маңызды. Ой түскен бойда іске кірісу керек. Өйткені әр түрлі диагноз болады. ЭКҰ-ға жету үшін айлап, жылдап емделу керек болуы мүмкін. Оның бәрінің сәтті болуы адамның жасына да байланысты. Ал адам ағзасы уақыт өткен сайын жасара түспейтіні белгілі...», - дейді Айнұр.