Бедеуліктің емі: жатыр трансплантациясы қалай жасалады

АСТАНА. KAZINFORM – Жатырдың туа біткен болмауы немесе түрлі себеппен кейіннен алынып тасталуы әйелдің бала көтеру мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Медицинада мұндай жағдай абсолютті жатыр факторлы бедеулік деп қарастырылады. Қазір әлемде осы мәселеге қатысты жаңа емдеу тәсілдерінің бірі – жатыр трансплантациясы зерттеліп жатыр. Бұл бағытта Оксфорд университетінде қазақстандық зерттеуші Әселжан Сарбалина ғылыми жұмыс жүргізіп келеді.

Фото: pexels

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір алтыншы адам өмірінің белгілі бір кезеңінде бедеулік мәселесіне тап болады. Ал жатырдың болмауына немесе қызмет атқара алмауына байланысты абсолютті бедеулік – сирек кездесетін жағдай.

Әселжан Сарбалина еңбек жолын Астанадағы перинаталдық орталықта акушер-гинеколог болып бастаған. Кейін Германия мен Венгрияда тәжірибе жинап, ғылыми зерттеуге бет бұрған. Қазір оның докторлық диссертациясы жатыр трансплантациясы және трансплантацияланған ағзаның иммунологиялық тұрғыдан қабылданбауына қатысты мәселелерге арналған.

Фото: Видеодан алынған скрин

Жатырдың болмауы неден болады?

Зерттеушінің айтуынша, абсолютті бедеулікке әйелдің жатырсыз дүниеге келуі немесе түрлі аурулар мен операциялар салдарынан жатырынан айырылуы себеп болуы мүмкін.

– Абсолютті бедеулік – көбіне айтыла бермейтін тақырып. Әйел адам жатырсыз дүниеге келуі немесе қатерлі ісік, басқа да себептерге байланысты ота кезінде жатырынан айырылуы мүмкін. Демек функционалдық тұрғыдан жатыры жоқ деген сөз», – деді Әселжан Сарбалина Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Оның айтуынша, мұндай жағдайдың нақты себептері әлі де зерттеліп жатыр. Әлемдік статистикада шамамен әр 500 әйелдің бірінде жатырдың болмауы немесе оның қызмет атқара алмауы кездесуі мүмкін.

Қазақстан бойынша бұл мәселеге қатысты нақты ресми статистика жоқ. Ғалым мұны қоғамдағы тақырыптың әлі де жабық болуымен байланыстырады.

Жатыр трансплантациясын кім жасай алады?

Жатыр трансплантациясында донор мен реципиенттің туыс болуы міндетті емес.

– Ең бастысы – медициналық және иммунологиялық тұрғыдан сәйкес келуі. Донор болу үшін туыс болу маңызды емес, маңыздысы – медициналық және иммунологиялық жағынан сәйкес келу. Алайда донорлардың арасында пациенттердің аналары да көп кездеседі, – деді зерттеуші.

Әселжан Сарбалина жатыр трансплантациясының техникалық тұрғыдан басқа ағзаларды ауыстырып салудан аса күрделі болмауы мүмкін екенін, алайда оның этикалық жағы ерекше маңызды екенін атап өтті. Себебі мұндай операция кезінде донордың, реципиенттің және болашақ баланың қауіпсіздігі ескерілуі керек.

Ғалымның айтуынша, әлемде бүгінге дейін шамамен 130 жатыр трансплантациясы жасалған. Оның басым бөлігі тірі донордан алынған жатырды трансплантациялауға қатысты.

Трансплантациядан кейін бала қалай дүниеге келеді?

Жатыр трансплантациясынан кейін әйелдің табиғи жолмен жүкті болуы жоспарланбайды. Бала сүю үшін экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі қолданылады.

– Міндетті түрде ЭКҰ арқылы жасалады. Өйткені біз басқа адамнан жатырды алып, жаңа ағзаға саламыз. Сондықтан табиғи жолмен жүкті болуды күтпейміз, – деді зерттеуші.

Операциядан кейін жатырдың жаңа ағзаға бейімделуі үшін белгілі бір уақыт қажет. Әселжан Сарбалина трансплантациядан кейін шамамен 2-3 ай өткен соң жүктілікті жоспарлауға әрекет жасалатынын айтты.

Бұл ретте жатыр трансплантациясы бір ғана отамен аяқталмайды. Әйел жүктіліктің бүкіл кезеңінде дәрігерлердің бақылауында болады, өйткені трансплантацияланған ағзаның қызметін сақтаумен қатар, жүктіліктің қауіпсіз өтуі де маңызды.

Бірінші баладан кейін жатырды алып тастай ма?

Қазіргі тәжірибеде әйел бала босанғаннан кейін трансплантацияланған жатырды алып тастау жиі қарастырылады. Алайда кейбір жағдайларда трансплантацияланған жатырды сақтап, екінші баланың дүниеге келуіне мүмкіндік берілген.

– 130 жағдайдың шамамен 20 пайызында екінші бала дүниеге келген. Содан кейін жатырды алып тастаған. Қазір ғалымдар арасында жатырды қалдыру мәселе талқыланып, осы бағыттағы жолдар ізделіп жатыр» – деді ол.

Зерттеушінің айтуынша, жатыр трансплантациясы медицинада салыстырмалы түрде жаңа бағыт саналады. Алғашқы операциялардың жасалғанына шамамен 20 жыл болғанымен, бұл салада әлі де бірыңғай медициналық хаттама толық қалыптаспаған.

– Бұл отаның бірнеше тәуекелі бар. Жатыр трансплантацияланғаннан кейін ол функционалды болуы керек, өз қызметін атқаруы, баланы көтеруге мүмкіндік беруі және жүктілік сәтті өтуі қажет, – деді Әселжан Сарбалина.

Қазір зерттеуші осы мәселелердің ішінде иммунологиялық қабылдамау қаупін және трансплантацияланған жатырдың ағзада ұзақ уақыт сақталу мүмкіндігін зерттеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін, трансплантация жүйесі қалай жұмыс істейтінін жазған едік.