Михаил Козачковтың әлеуметтік желілердегі жарияланымына қатысты РК 8265 бортының ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін хабарлаймыз. «Қазаэронавигация» РМК бұрынғы «Бекэйр» әуекомпаниясына тиесілі әуе кемелерінің ұшуын тіркеген жоқ, -
делінген комитет хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін журналист Михаил Козачков өзінің Тelegram арнасында «Bek Air» әуекомпаниясына тиісілі «Fokker-100» ұшағының Алматыға рейс орындағанын жазып еді.
Қазір авиаторлар чатына «Бекэйр» авиакомпаниясының «Fokker-100» ұшағының флайрадары (рейс бағыты) туралы фотолар түсіп жатыр. Түсінуімше, әуе кемесі Алматыға ұшқан. Бірақ, «Бекэйр» компаниясы ұшақтарының рейс орындауына осыдан 3 жыл бұрын тыйым салынған. Онда «Бекэйр» ұшақтарымен кім ұшып жүр? -
деп жазды Михаил Козачков өзінің Тelegram арнасында.
Еске салайық, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуе айлағының аумағында «Bek Air» компаниясының «Fokker-100» ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Осыдан кейін компанияның ұшу лицензиясы тоқтатылып, рейстерді орындауына тыйым салынған еді. Әуе кемесінің апатына қатысты тергеу биыл сәуірде аяқталып, оның себептері жарияланды.