Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауын тергеу қайта басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауын тергеу қайта басталады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
- Тергеу аяқталды. Бірақ, қазіргі уақытта әуе компаниясының бір қызметкерінің өтініші бар. Оған сәйкес, процедуралық тұрғында тергеуді қайта бастау мәселесі қарастырылады, - деді министр Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатынан кейінгі брифингте.
Айта кетейік, осы жылдың сәуірінде Көліктегі полиция департаменті процесс прокурормен келісе отырып, Алматы әуежайында 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған Bek Air компаниясы «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырау фактісі туралы қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерінің аяқталғанын хабарлаған еді.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.
«Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанын жазған болатынбыз.