Бек Нұрмағанбет «Канеломен» жекпе-жек өткізу мүмкіндігін бағалады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет екінші орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды INFORMSPORTS .

Фото: әлеуметтік желіден

Нұрмағанбет Instagram желісінде оқырмандарының бірінің сұрағына жауап беріп, мексикалық жұлдызбен рингте кездесу ықтималдығы төмен екенін жеткізді.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы АҚШ-та Альвареспен бірге жаттығып жүр. Екі спортшы жақсы қарым-қатынаста және бір-біріне спарринг-серіктес болып келеді.

– Сіз WBC рейтингінде тоғызыншы орында тұрсыз. Чемпион «Канеломен» жекпе-жек өткізуіңіз мүмкін бе деген сауалға.

– Мен рейтингте оған жеткенше, ол мансабын аяқтап қоятын шығар... – деп жауап берді Бек Нұрмағанбет.

Еске сала кетейік, Бек Нұрмағанбет соңғы жекпе-жегін 31 қазанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Сауль Альварес пен Кристиан Мбилли арасындағы бокс кешінің андеркардында өткізді.

Бұл кездесуде қазақстандық боксшы мексикалық Маркос Васкесті бірінші раундта нокаутқа түсіріп, сенімді жеңіске жетті.

Айта кетелік Асу Алмабаев Дохадағы UFC турниріндегі жеңілісіне қатысты пікір білдірген еді.