БЭК: Теміржолдардағы жүк айналымы Қытайдан кейін екінші орынға шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бірыңғай экономикалық кеңістікте теміржол тасымалының жүк айналымы әлемде Қытайдан кейін орынға шықты.

Еуразиялық даму банкінің сарапшылары осындай қорытындыға келді. Олар «Бірыңғай экономикалық кеңістіктің теміржол тасымалы нарығының даму келешегі» атты тақырыпта зерттеу жүргізген болатын. Онда сарапшылар жүктік және жолаушылық теміржол тасымалының келешегіне, аталмыш саладағы реформалар, бәсекелестіктер және интеграциялық үдерістерге талдау жасаған.

БЭК мемлекеттерінің жалпы қолданыстағы барлық көлік түрінің 43 пайыздан астамы теміржол көлігінің үлесіне тиесілі екен.

Әсіресе, Қазақстанда жүк тасымалының көлемі серпінді түрде артуда. Бүгінгі таңда БЭК аясында теміржолдардың жалпы ұзындығы соңғы мәліметтер бойынша 105 мың шықырымға жеткен.

Қазіргі таңда жүк тасымалы нарығында жылжымалы құрамның меншік иелерінің саны да арта түскен. Мысалы, бір ғана Ресейдің өзінде 700 жуық оператор-компаниялар жұмыс істесе, Қазақстанда жүк вагондары паркінің 94 пайызы жеке бизнеске тиесілі. Ал Беларусь елінде вагондық парктың 75 пайызы Беларусь теміржол компаниясының меншігінде.

Жүк вагондарының саны Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында 2008 жылы 600 мың болса, 2013 жылға қарай олардың саны 1120 мыңға жеткен.

Дегенмен, Ресейдегі экономикалық бәсеңдеудің салдарынан 2014 жылы жүк тасымалының көлемі едәуір төмендейді. Ал 2015 жылдан бастап керісінше, арта бастайды. Сөйтіп, 2020 жылға қарай теміржол тасымалындағы жүк айналымы Бірыңғай экономикалық кеңістікте 2,7 трлн. тонна-шақырымды құрайды. Яғни өсім 9,4 пайызға жетеді.

Жалпы, Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында жолаушылық теміржол тасымалы нарығы әр бағытта дамитын болады. Ресейде 2014-2015 жылдары жолаушы тасымалы қысқаратын болса, Қазақстанда керісінше, арта түспек. Ал 2020 жылға қарай жолаушылар тасымалының көлемі 2013 жылға қарағанда 32 пайызға артып, 1.6 млрд. адамды құрайды деп күтілуде.