Бекболат Тілеухан әлемдік мерген Баткерил Мичир қазақтарға не үшін таңданғанын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық спортқа халықтың қызығушылығы өте жақсы болып отыр. Бұл туралы «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» президенті Бекболат Тілеухан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атқарып жатқан шаралардың аясында өшкенімізді жаңғыртып, өлгенімізді тірілту мақсаты жатыр. Бізде біраз дүниенің аты болғанымен, заты жоғалып кеткен. Атап айтқанда, ат үстінен садақ тарту жайында тұрғындар білгенімен, онымен айналысып жүргендер жоқтың қасы. Басқа елдерде сақталғанымен, қазақта сақталмағаны өте өкінішті. Сондықтан біраз мамандармен ақылдаса келе, осы бағытты қалпына келтірудің жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырдық. Содан, 2014 жылы ат үстінен садақ ататын танымал моңғол азаматы Баткерил Мичирді шақырттық. Сол азамат бізге оқ жонуды үйретіп, ат үстінен садақ тарту тұрғысында көмектесті. Жалпы, сол кезде ат үстінде садақ ұстамаған жігіттер айналасы екі аптаның ішінде әлемдік деңгейде садақпен атып жүрген  Б. Мичирдің көрсеткішіне жетті. Осыны көрген моңғол бапкеріміз таңданғаннан, көзін жұмып, аузын ашып кетті. Сөйтсе, бұл біздің қанымызда бар екені айқын көрініп тұрды. Генетикалық жады, ұлттық код дейміз ғой, яғни бар нәрсені жаңғырту. Үйренгенде осының барлығы ұзақ жаттығумен келеді, бірақ қазақ жігіттері бір-екі көрсеткенде бірден нәтиже көрсете бастады»,-деді Б. Тілеухан Орталық коммуникациялар қызметінде Астанада өтетін «Алтын жебе» халықаралық турнирге арналған баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ұлттық спортқа халықтың қызығушылығы өте жақсы болып отыр. Дегенмен де бұл бағытта әлі насихаттау шаралары қажеттілік етуде.

Белгілі болғандай, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы тағы бір халықаралық бәсекенің ту көтерер мезгілі таяу қалды. Тамыздың 12-13 күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтетін Жамбы  атудан «Алтын жебе» атты І халықаралық турнирге әлемнің жиырмаға жуық мемлекетінің мергендері келеді деп күтілуде.

   Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынамақ.   Қазақстанның «Жамбы ату» ересектер құрама командасының капитаны, Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық мергендер сайысына қатысушы, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері  атанған Елдос Бадашев және елішілік чемпионатта топ жарып жүрген саңлақтарымыз Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Абзал Тулыбеков, Бекқали Үзденбаев ел намысын қорғайды.

Қазіргі кезде бірқатар елден қатысушылар келіп жатыр. Осы жарысқа тек Жапониядан 13 адам келеді деп күтілуде.

Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Бес орынға дейін бәйге бар. Бас жүлде - 5 мың доллар. Екінші орын - 3 мың доллар. Үшінші - 2 мың доллар. Төртінші орын -  1 мың доллар. Бесінші орын - 500 доллар.

Шараны ҚР Мәдениет және спорт  министрлігі, «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы» ұйымдастырып отыр.