«Бекіре-2012», «Уылдырық шашу-2012» акцияларына 500-ден астам мемлекеттік инспектор жұмылдырылады - ҚР АШМ

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бекіре-2012», «Уылдырық шашу-2012» балық қорғау бойынша ауқымды акцияларын өткізеді.

Бүгін министрлікте аталмыш акциялардың өткізілуіне арналған мәжіліс өтті. Мәжіліске республиканың табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары, сондай-ақ осы саламен байланысты барлық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында «Бекіре» және «Уылдырық» балық қорғау акцияларының өткен жылғы қорытындылары жасалды. Орал-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндiк инспекциясы 2011 жылдың 10 сәуірінен 30 мамырына дейін өткен «Бекіре-2011» көктемгі акциясы барысында балық қорғау заңнамасын бұзудың 417 әрекетін анықтады. Браконьерлерден 696 балық аулау құралы, 31 автокөлік пен жүзу құралдары алынды. Бұған қоса, бекіре тұқымдас балықтың 50 келі еті мен 6,8 келі уылдырығы тәркіленді. Тергеу органдарына қылмыстық жазалау сипаты бар 46 материал жіберіліп, оның 9-ы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы 2011 жылы Ресей Федерациясы азаматтары тарапынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 5 фактісі анықталды. Осы фактілер бойынша 19 шетел азаматы ұсталып, бекіре тұқымдас балық түрінің 562 келісі, ұзындығы 900 метрден асатын ахан ауы, «Байда» типті 5 қайық, 13 «Ямаха» аспалы моторы мен балық аулауға арналған құралдар тәркіленді. Бұл фактілер бойынша, материалдар облыстың құқық қорғау органдарына жіберілді. Жиналыс барысында Орал-Каспий бассейніндегі браконьерлікке қарсы күреске бағытталған іс-шараның тиімділігі мен құқықтық реттеу мәселелері, соған қоса құнды балықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшін құқықтық тетік қалыптастыру мәселелері қаралды.

Күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылау нәтижесінде барлық облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының жанында республика облыстарының табиғат және құқық қорғау аймақтық органдарының жұмыстарын үйлестіруге арналған Аймақтық штабтар құру жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі кезде заңсыз балық аулау фактілері мүмкін жерлерде техникалық құралдардың орналасу картасы әзірленген, тұрақты балық қорғау тұғырлары орнатылып, жұмыс істеуде. «Бекіре-2012» және «Уылдырық шашу-2012»акциясына 500-ден астам мемлекеттік инспектор қатысады және 90-ға жуық жүзу және көлік құралы қолданылады деп жоспарлануда.

«Бекіре-2012» және «Уылдырық шашу-2012» кең ауқымды балық қорғау акцияларының көктемгі кезеңінің нәтижелері жергілікті және республикалық маңызы бар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады.