Бекіре тұқымдас балықтарды сақтаудың болашақ үшін де маңызы зор - Н.Серғалиев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жуырда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы 3 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстанда бекіре шаруашылығының ғылыми-техникалық негіздерін қалыптастыру және инфрақұрылымын жасау» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін бір топ авторға Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Қазіргі таңда елімізде бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және оларды өндірістік негізде көбейту мен тауарлық өнім өндірудің жай-күйі қандай, міне, осы жөнінде жоба жетекшісі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиев ҚазАқпарат тілшісіне былайша әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, аталмыш инновациялық жобаның маңыздылығы сол, ол бекіре тұқымдас балықтардың әр алуандылығын сақтай отырып, аквамәдени кешенде өсіріп-өндіріп, бұрынғы қалпына келтіруді көздейді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бекіре балықтары әлемдік қорының 33 пайызы және қара уылдырық өндірудің 40 пайызы Жайық өзенінің еншісіне тиетін. Тіпті Жайық бекіре балықтарын Еділ өзеніндегіден он есе артық беретін. Бекіре балықтарының көктемде уылдырық шашу үшін өзен арнасымен жоғары өрлейтіні белгілі. Тіпті ерте кезде қазіргі Орал қаласы тұсына дейін жеткені мәлім. Алайда соңғы уақытта мұндай үрдіс мүлдем жойылды десе де болады. Бұған басты себеп базар нарығында аса жоғары бағаланатын балықтың браконьерлік тәсілмен көп көлемде аулануы болатұғын.

Бекіре тұқымдас балықтардың жойылу қаупі туындауына байланысты БҰҰ аясында бекіре етін және уылдырығын экспорттаушы елдер бұларды табиғи ортада аулап, өндіруге шектеу қойды. Осыған орай озық технология негізінде бекіре балықтарын аквамәдени ортада өсіріп, одан тауарлық өнім өндіру қажеттілігі туындады.

«Табиғатты сақтау экологиялық одағы» (IUCN) экологиялық ұйымының мәліметіне сәйкес Солтүстік жарты шарда өсетін бекіре балықтарының 27 түрінің 17-сі қазір жойылу қарсаңында тұр. Ғалымдардың пікірінше, таяу уақытта шұғыл шаралар алынбайынша, олардың бірнеше түрі толық құртылады.

Бекіре тұқымдас балықтарды сақтау үшін дүние жүзінде бірқатар шаралар қолға алынды. Еуропа одағы 2002 жылдан бастап Каспий бассейні аумағындағы елдерден табиғи ортада ауланған бекіре балықтарының қара уылдырығын импорттауға тыйым салса, бұған 2005 жылдан АҚШ та қосылды. 2006 жылдан бастап негізгі экспорттаушы бес елдің ішінен тек Иранға ғана парсы бекіресінің уылдырығын экспорттауға рұқсат берілді. Бірақ 2011 жылдың 1 наурызынан CITES ұйымының қарарына сәйкес Ресей, Иран, Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Сербия, Украина, Қытай және Болгария елдеріне табиғи ортада ауланған бекіре балықтарының қара уылдырығын экспорттауға тыйым салынды. Бұған қосымша 2010 жылы Каспий аумағындағы барлық елдер бекіре балықтарын аулауға техникалық мораторий енгізді. 2010 жылдың аяғында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мораторийді бес жылға созу жөніндегі ұсынысын Каспий маңындағы елдер толық қолдады.

Әлемде осындай маңызды мәселеге айналып отырған бекіре тұқымдас балықтарды зерттеуді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті 2006 жылы бастады. 2009 жылы университет зертханасында су қондырғыларында құрама жемді пайдалана отырып, орыс бекіресінің өсуі мен дамуына тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Осы тақырып төңірегінде жиырмадан астам ғылыми мақала жарияланды.

2012 жылы университет ғалымдары «Парасат» ұлттық-технологиялық холдингі» АҚ-мен бірлесе отырып, ғылыми-техникалық өндірістік аквамәдени кешенін құру мақсатында тұйық сумен жүйелі қамтамасыз етілген қондырғыларда жаңа технологиялар негізінде тауарлы бекіре мен уылдырық өндіру жобасын қолға алды. Бұл жоба алғаш рет тұйық су жағдайында Жайық-Каспий түріне жататын бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің тиімділігін көрсетеді. Балық түрлерінің өнімділігіне құрғақ құрама жеммен азықтандырудың ықпалы зерттеледі. Қысқасы, барлық технологиялық үрдіске толық бақылау орнатылып, балықтардың өмірін сақтай отырып, қара уылдырық алу, оны өңдеу жұмыстары да жүргізілуде. Мұндай инновациялық өндіріс жоғары рентабельділігімен, болашағының жарқындығымен ерекшеленеді.

Бекіре балығын өсірумен айналысатын жоғары білікті жас мамандардың қалыптасуы жойылу қаупінде тұрған бекіре балықтарының түрлерін сақтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңашылдықпен жүргізуге мүмкіндік беріп, шабақтарды Жайық өзеніне қайта жіберу оның табиғи дамуын қалпына келтіруге септеседі.

Жоба аясында жылына 1 тоннаға дейін азықтық қара уылдырық өндіретін тәжірибе-өндірістік учаске пайдалануға берілді. Қуаттылығы 8 тонна қара уылдырық пен 64 тонна тауарлы бекіре балықтарын өндіретін аквамәдени кешені салынуда. Өндірісті одан әрі дамыту мақсатында «Ордабасы групп» ЖШС түрінде жеке инвестиция тартылды. Бұл Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің бір көрінісі болып табылады.

Университеттің инженерлік бағыттағы биотехнология зертханасында сонымен қатар карп тұқымдас балықтарды да өсіру қолға алынды. Тұйық су жағдайында балықты жасанды өсіру технологиясы жасақталып, жыл сайын балық шаруашылықтары нысандарының («Квант» ЖШС, «Каркула» ШҚ) су қоймаларына 1 миллионға дейін сазан мен карп шабақтары жіберіледі. Облыстағы осы сала мекемелерімен бірлесе отырып, балық өсетін су айдындарында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай балық шаруашылықтарында балық шаруашылығы және өндірістік балық аулау мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер тәжірибеден өтеді.

Университет 2006 жылдан балық шаруашылығының мамандары мен бакалаврларын дайындап келе жатса, 2012 жылы магистратура да ашылды.

«Қорыта айтқанда, жаңа технология негізінде бекіре тұқымдас балықтар өсіру олардың жетілу мерзімін әлдеқайда қысқарта отырып, жыл бойы өнім алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бекіре тұқымдас балықтарды келешек ұрпақ үшін де сақтауға жол ашады», деп түйіндеді ойын Н.Серғалиев.

Айта кетейік, 1989 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған Н.Х.Серғалиев 1994 жылы К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын агрономия мамандығы бойынша үздік бітірді. Одан кейін Бүкілресейлік тыңайтқыштар және агротопырақтану ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. 1998 жылдан бастап Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да бастапқыда аға оқытушы, кейін кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі, инкубациялық орталықтың және ғылыми зерттеу институтының директоры, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры лауазымдарын абыроймен атқарды. Білім мен ғылым саласындағы еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009 ж.), «ҚР-ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2010 ж.) төсбелгілерімен марапатталған.