***
«Егемен Қазақстан» газетінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Владлен Поляковпен арадағы сұхбат берілген. Оның ғылыммен айналысып келе жатқанына 40 жылға таяп қалыпты. Соңғы ширек ғасыр бедерінде терек бүршіктерінің негізінде емдік препараттар жасап шығарғанымен, медицинада кеңінен қолданылып отырғаны - балауыз шам тәрізді дәрілік суппозиторийлер ғана. Белгілі ғалымның ойлап тапқан емдік препараттары қаржы тапшылығынан өндіріске жол таба алмай отыр.
«Негізгі мамандығым химик болса да, табиғат, өсімдіктер мәселелерімен де айналыстым. Терек бүршіктерінің химиялық құрамын зерттеу арқылы керемет емдік қасиеттеріне көз жеткіздім. Қазақстанда теректің 30-дан астам түрі өседі. Біздің пайдаланылатынымыз - көк терек. Ғылым тілінде «populus balsamifera» деп атайды. Көктем кезінде теректің бүршіктеріне май көп жиналады. Оны медицина саласына қолданып, көп жылғы ғылыми ізденістер өз нәтижесін берді», - дейді ғалым. Осы жайында « Теректің эфир майы » атты сұхбатта толық берілген.
Бас басылымда « Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда » атты материал басылды. Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысына арналған кеңес өткізді. Бағдарлама шеңберінде елдің ішкі рыногын, транзиттік және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға, сондай-ақ, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған басымдықты жобалар жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің, Астана - Алматы, Астана - Өскемен, Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды, Астана - Ақтөбе - Атырау - Ақтау, Алматы - Өскемен трассаларының учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүруде. Теміржол саласы мен көлік логистикасы жобалары бойынша да жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Алматы-1 - Шу теміржол учаскесінде екінші жол құрылысы үшін қазірдің өзінде топо-геодезиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Боржақты - Ерсай желісінің құрылысы жүруде, Құрық портында паромды өткел салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды, геодезиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы мен терминалын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылуда.
***
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры «Бала отбасында өмір сүру керек» қоғамдық қозғалысымен бірлесіп, «Қазақстандағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу: жағдайдың сапалы өзгеруі және мәселені шешудің қазіргі заманғы тәсілдері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
«Дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігі Балалар құқын қорғау комитетінің деректері келтірілді. Онда еліміздегі жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің саны 32 мыңнан асып кеткендігі және балалардың басым бөлігі тірі жетім атанып отырғандығы мәлімделді»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы « Тірі жетімі көп елміз » атты мақаласында.
Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Әділбек Мұсабаев елімізде әлеуметтік жетімдіктің белең алып бара жатқаны ерекше алаңдаушылық туғызатынын атап көрсетіп: «Қазақстанда 9 мың бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Бізді әлеуметтік жетімдіктің кеңінен тарала бастауы алаңдатып отыр. Себебі, жетім балалардың 80 пайыздан астамының ата-аналары тірі, туыстары бар болса да жетім атанып отыр», - деді.
Осы басылымда « Бекірені көбейтуге мүмкіндік бар » деген мақала жарияланды. Атырау облысындағы мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалардың бірі - «Caspian Royal Fish» ЖШС-нің тауарлы-бекіре фермасы. Жаңа зауыт голландиялық технологияға негізделген финляндиялық қондырғылармен жабдықталған. Бұл қондырғылар балықтардың табиғи ортадағыдай жағдайда өсіп, өнуі үшін барлық қолайлы жағдайды жасайды. «Айтарлығы, «Бекіре тұқымдас тауарлы балық өсіру кешенін құру және сумен жабдықтау тәсілі бойынша тұйықталған жүйеде бағалы балықтың уылдырығын алу» жобасы бойынша ашылған фермадағы балықтар өткен жылдың соңында 15 мың шабақтармен толықты. Сондай-ақ шабақтармен қоса Башқұрт елінен 60 бас аналық, 15 бас аталық балықтар әкелініп, су тоғандарына жіберілді», - деп жазады басылым.
«Caspian Royal Fish» серіктестігі фермасының бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың айтуынша, фермаға әкелінген аналық және аталық бекіре тұқымдас балықтар мен олардың шабақтары тоғыз ай қыс мезгілінде Якутиядағы «Лена» және Башкириядағы «Тама» өзендері астында өмір сүретін балықтар. Олар біздің климатымызға тез үйренісе алатындықтан, ферма осы бекіре тұқымдас балықтарды сатып алып, тауарлы балықты өңдеуді мақсат еткен. Аналық балықтардың жасы 8 бен 12 жас аралығында. Олардың салмағы 15-30 кило болса, шабақтардың салмағы 80-150 граммды құрайды. Аталық балықтардың салмағы 800 граммнан 1 кило 200 грамға дейін.
***
«Экспресс К» газетінің бүгінгі санында « Перед грозой так пахнут розы » деген материал берілген. Оңтүстік Қазақстанның 21 жасар азаматшасы бөтелкенің сынығымен полицейдің қолын кескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Полиция қызметкері жолдың бойымен жарық шамдары өшірілген күйде жүріп келе жатқан Toyota Camry көлігін тоқтатады. Жүргізуші азаматшаның өзімен бірге ешқандай құжаттары болмаған көрінеді. Оған қатысты хаттама толтырылады. Алайда қыз полицейлерге қатысты дөрекі сөз айтып, тәртіп сақшысының бірінің қолын шынымен кесіп өткен. Қазіргі кезде аталған қызға 4 млн. теңге көлемінде айыппұл немесе екі жылға бостандығын шектеу шарасы қолданылуы мүмкін. Жыл басынан бері ОҚО-да полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетудің 172 фактісі тіркелген.