«Бекмаханов оқулары» тарихымыздағы қайшылықты қиыншылыққа толы дерттерін талқылаудың бір алаңы - Т.Омарбеков

None
АЛМАТЫ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлеуметтік-экономикалық және саяси келеңсіздіктер тарихы: теориялық-методологиялық қайта ойлау» атты  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Дәстүрлі «Бекмаханов оқулары» аясында өткен бұл шара қазақстандық және дүниежүзілік тарихтағы ұлттық көлемдегі дағдарыстық оқиғалардың зерттелуіндегі теориялық және методологиялық әдістерді дамыту мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор  Талас Омарбекұлының айтуынша,  дәстүрлі түрде өтетін «Бекмаханов оқулары» тарихымыздағы қайшылықты қиыншылыққа толы дерттерін талқылаудың бір алаңы.   Қазақ тарихында әлеуметтік-экономикалық тұрғыда келеңсіздіктер көп болды.  Мәселен,  ұлт-азаттық қозғалысты басқарған азаматтар жазықсыздан қасіретті жағдайға ұшырады. Тарихтағы осындай келеңсіздіктерге объективті түрде баға беру,  шынайы бет бейнесін ашып, ертеңгі жастарға тарихты қалай жазу керектігін түсіндіруге мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультетіндегі екі күндік бұл шара  кезінде,  түрік қағанатынан тәуелсіздігімізге дейінгі қазақ халқының  бастан өткерген кезеңдерін жан-жақты ашып көрсететін  баяндамалар жасалды.  Бүгін онда Түркияның  Мимара Синан университетінің профессоры Ахмет Ташағыл «Түрік қағанаты құрылғаннан бұрын Орталық Азияда өмір сүрген тайпалар» жайында сөз қозғады.  Ал "Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы миф және шындық» деген тақырыпта  баяндама жасаған Шығыстану инстиутының директоры Меруерт Әбусейітова  сол кезеңде өмір сүрген мемлекеттермен ежелгі түріктердің VI ғасырдағы дипломатиялық қарым-қатынасына ерекше наза аударды. Сондай-ақ бүгінгі заманда біздің жастарымыз тарихымызды тереңірек білу үшін шығыс және батыс тілдерін меңгеруі керектігін көтерді. Онсыз  әлемнің өзге елдеріндегі мұрағаттардан  өзіміз жайлы толыққанды ақпарат ала алмайтынымызды жеткізді.