Бекмамбетовтер кино түсіру үшін Қазақстанға неге келмейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы әлемге танымал киногерлердің Қазақстанға келуіне кедергі жасап отырған негізгі мәселені атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде кино саласындағы шетелдік компаниялар алдымен инвестициялардың қауіпсіздігін талап етеді. Ал Қазақстанда аталған мәселені реттейтін заңнама да жоқ.

«Қазіргі уақытта біз Парламентте кино саласындағы бірінші заңды қабылдайық деп жатырмыз. Неге десеңіз, инвесторлар келгенде біз олардың әрбір қадамын заңмен бекітуіміз керек. Кім қандай шараға жауапты? Ол кісілер инвестиция алып келгенде ақшаның қауіпсіздігіне кім жауап береді? Нақты қай мемлекеттік органға жүгінуге болады? Соның бәрін біз жаңағы заңда жазып береміз. Сонда шетелдік компаниялар Қазақстанға келуге ынта білдіреді. Қазір олар қалай келеді? Қазақстанда «Кино туралы» заң да жоқ. Мысалы, өздеріңіз білесіздер, «Марко Поло» фильмін көрсетті. Әр азамат келеді де, мен саған көмектесемін дейді. Сосын ақшаны алып, жоқ болып кетеді. Олар кімді, қайдан іздейміз, дейді. Сол себепті шетелдік компаниялар келгенде алдымен инвестицияның қауіпсіздігіне алаңдайды. Нақты органның болғанын қалайды», - деді А.Мұxамедиұлы журналистерге берген сұxбатында.
 

Министрдің сөзіне қарағанда, танымал кинолар түсірілген жерлерге туристер көптеп барады. Мәселен, «Аватар» фильмінен кейін Жаңа Зеландияның туристері арта түсті. Сол сияқты «Гарри Поттер» картинасы Лондонның беделін көтерді.

«Біздің де мақсатымыз сол. Paramount Pictures сияқты xалықаралық кинокомпания Қазақстан туралы фильм түсірсе, әрине, дүниежүзі қазақ жерін көруге асығады. Жақында Universal studio компаниясының өкілдері келіп кетті. Олар Қазақстанды көріп, кино түсіру бойынша қандай мүмкіндіктердің бар екенін көрді. Әрине, біз де бәрін көрсеттік. Олардың берген бағалары өте жоғары», - деп атап көрсетті А.Мұxамедиұлы.