Бекіре тұқымын сақтап қалу: Қара Ертіске 93 мыңнан астам шабақ жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда сібір бекіресінің популяциясын сақтап қалудың әзірге бірден-бір тиімді жолы — трансшекаралық Қара Ертіске қолдан шабақ жіберу. Бұл жолы өзенге 93 420 шабақ жіберілді.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Бағалы балық шабақтары Зайсан ауданы аумағындағы өзенге жіберілді.

Шілде мен қазан айлары аралығында шекара маңындағы Боран ауылының жанында 4 айлық табиғатты қорғау науқаны өтті. Мамандар осы уақыт ішінде арнайы балық өсіру шаруашылықтарында жетілдірілген шабақтарды кезең-кезеңімен табиғи ортаға бейімдеп, өзенге жіберді.

Ихтиологтардың бұл бағыттағы ауқымды жұмысына өзен бассейніндегі экологиялық жағдайдың күрделенуі себеп болған. Өткен ғасырда Ертіс өзенінде ірі су электр станцияларының каскады салынуы балықтардың тарихи көшу жолдарын үзіп, бекіре тұқымдастардың табиғи уылдырық шашатын орындарына жетуіне кедергі келтірді.

Қазір өзеннің жоғарғы ағысында тіршілік ететін сібір бекіресі өздігінен көбейе алмайтын жағдайға жеткен. Оның сақталуы мемлекет тарапынан шабақтарды тұрақты түрде суға жіберуге тікелей байланысты.

— Су биологиялық ресурстарын қалпына келтіру — жануарлар дүниесін қорғау мен өңірдегі табиғи тепе-теңдікті сақтаудың маңызды бөлігі. Мұндай шараларға балалар мен жастарды тарту да аса маңызды. Балалар табиғатты қорғау туралы естіп қана қоймай, осындай акцияларға өздері қатысқанда қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру нақты істерден басталады, — деді Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Бауыржан Әубәкіров.

Қара Ертістегі экологиялық шараға Құмаш Нұрғалиев атындағы лицейдің «Жануар сақшылары» мектеп клубының тәрбиеленушілері де қатысты. Оқушылар инспекторлармен бірге балықтарды арнайы су жинайтын цистерналардан өзен арнасына жіберді.

Науқанның ғылыми және инспекциялық бақылауын Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы Алтай филиалының мамандары, Зайсан-Ертіс бассейндік инспекциясы және Зайсан мен Марқакөл орман шаруашылықтарының қызметкерлері қамтамасыз етті.

Мамандар өзен салаларына гидробиологиялық мониторинг жүргізуді жалғастырады. Олар күзгі-қысқы кезеңде балықтардың қоректік базасын және суға жіберілген шабақтардың тіршілікке бейімделу деңгейін бағалайды.

Еске салайық, биыл Қызылорда облысында 3,7 млн шабақ құтқарылған болатын.