Әсіресе, облыс оқырмандарының аға буын жазушыларға деген ықыласы ерекше. Бұл қатарда белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев те бар. Қаламгер Жетісу облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында туған. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы. Жетісулықтар оны мақтаныш тұтады. Жазушы да елдің рухани өмірінен қалыс қалып көрген жоқ. «Күтумен кешкен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», «Жау жағадан алғанда», «Әй, дүние-ай» сияқты бірқатар прозасы жыл сайын ең көп оқылған шығармалар тізімінде көш бастап келеді.
Ел құрметіне бөленген жазушыны облыстың атқарушы билігі «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағына лайықты деп тапқан болатын. Талдықорғанда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысына «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қаламгерге бұл марапатты өңір әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды. Облыс әкімі жазушының шығармаларын бірнеше буын ұрпақ оқып өскенін, соның ішінде өзі де бала күнінен қаламгерді туындылары арқылы танығанын атап өтті. Бейбіт Исабаев жазушының шығармашылық еңбегіне табыс тілеп, арнайы атақтың лентасын, төсбелгісі мен құжатын ресми түрде табыстады.
«Туған жерімнің бұл сыйы — маған бәрінен қымбат. Жетісудың мен үшін орны қай кезде де бөлек. Осы отырған әрқайсыларыңыз үшін де солай болуы тиіс. Президент әділетті қоғам құру, әділ азамат болу туралы айтты. Сол ұстанымды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Бүгінгі маған көрсетіп отырған құрметтеріңізге ризашылығымды білдіремін», — деп айтты Бексұлтан Нұржекеев.