Бектенов: Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы шаралар тиімсіздігін көрсетті

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы шаралар өз тиімсіздігін көрсеткенін айтып, өңірде қауіпсіздік жоспарын қайта қарауды тапсырды. 

— Жалпы республика бойынша су тасқыны кезеңі бірқалыпты өтіп жатыр. Дейтұрғанмен, Ақмола облысында сәуір айының басында күрделі жағдай қалыптасты. 100-ден астам үй-жайды су шайып кетті. Қазір ахуал тұрақталды, қауіп сейілді деуге болады. Тосын жағдай елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуінен болған. Су тасқынына қарсы шараларды орындау мен жоспарлаудың сапасыз болғаны көрініп тұр. Мәселен Ескі Қалқұтан ауылында Қалқұтан өзенін тазарту, жағалауын бекіту және тереңдету жұмыстары 3 шақырымдай ғана учаскеде жүргізілген. Жоба бойынша 11 шақырым бекітілген. Осының салдарынан өзен арнасынан асып, үйлерді су басып қалды, — деді ол.

Сондай-ақ Олжас Бектенов бұл су деңгейінің үлкен көлемде еместігін, оған тосқауыл қоюға болатынын атап өтті.

— Макинск қаласына да су жайылды. Жергілікті билік қажетті шараларды уақтылы қабылдамаған. Өңірде дәл осы елді мекендерді жыл сайын су басады, демек Ақмола облысындағы қабылданып жатқан шаралар тиімсіз, — деп түйді сөзін ол.

Үкімет басшысы Марат Ахметжановқа жоспарды қайта қарап, барлық қажетті жұмысты іске асыруды, баспанасы суда қалғандар тұрғындарға көмек көрсетуді тапсырды.

Айта кетелік Ақмоланың Ескі Қалқұтан ауылында көлік қатынасы үзілгені туралы жазған едік