Бектенов: Астық тасымалдау шығыстарын қосымша қаржыландыру мәселесін шешу қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов астық тасымалдау шығыстарын қосымша қаржыландыру мәселесін шешуді тапсырды.

Фото: АШМ

— Шаруаларға қаржылық жүктемені азайту мақсатында Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері астық тасымалдауға байланысты шығыстарды қосымша қаржыландыру мәселесін шешуі қажет. Мал және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша қарыздарға кепілдік беру құралын іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және «Бәйтерек» холдингіне қажетті қаражат көздерін қарастыруды тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, қаржы ресурстарының қолжетімділігін кеңейту тұрғысында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға инвестициялық мақсаттар мен айналым қаражатын сатып алу үшін агроөнеркәсіп кешен субъектілерін қаржыландыруға мүмкіндік беру керек.

— Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі апта ішінде Үкімет қаулысына тиісті өзгерістер енгізсін, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет басшысы мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтуды тапсырғанын жазған едік.