— Байланыс және интернет желілерінің дамуы мен орнықтылығы — заманауи экономиканың базалық инфрақұрылымы. Кәсіпорындардың, мемлекеттік сервистердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы олардың қолжетімді болуы мен тұрақтылығына тікелей байланысты, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, соңғы жылдары отандық телекоммуникация саласы едәуір ілгері басты. Мобильді байланыспен қамту ауқымы кеңейіп, магистральдық желілер тартылды. Бұдан бөлек, жеке инвестициялар салынып, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.
— Сонымен қатар азаматтар мен бизнес үшін жаңадан іске қосылған базалық станциялардың саны туралы есептен гөрі жұмыста, жолда және үйде болсын, интернетті үздіксіз пайдалану мүмкіндігі маңызды. Сондықтан байланыс сапасы мен оның қолжетімді болуы саланы дамыту нәтижелерін бағалаудың басты критерийіне айналуға тиіс. «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жаппай цифрландыру шаралары қаралған, — деді ол.
Оның атап өтуінше, жасанды интеллект, бұлтты платформалар және цифрлық мемлекеттік қызметтер барған сайын өнімділігі жоғары инфрақұрылымды талап етеді.
— Біз желілердің озық қарқынмен дамуын қамтамасыз етіп, экономиканың цифрлық трансформациясын тежейтін барлық кедергілерді жоюымыз қажет. Елімізде тартылған магистральдық желілерге қарамастан, үйлер мен кәсіпорындарды интернетке нақты қосу мүмкіндігі жағынан әлі де болса алшақтық бар. Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде өткір тұр. Көп жағдайда магистральдық желілер жеткізілгенімен, олардың елді мекен ішіндегі тармақталған желісі жоқ, — деді Прембер-министр.
Үкімет басшысы «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасының нәтижесі елді мекендерге дейін желі тартумен ғана шектелмей, тұтынушыларды интернетке нақты қосуды қамтамасыз етуге тиістігін баса айтты.
— Сондықтан Жасанды интеллект министрлігіне байланыс операторларымен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтердің нақты сапасына мониторинг жүргізуді көздей отырып, ауылдардағы абоненттерді интернетке қосудың 2027 жылға арналған нысандық кестесін бекітуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.