Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасында отандық өнімге басымдық беруді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы отандық өндірістің дамуына елеулі серпін береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Үкімет

- «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашып, отандық өндірістің дамуына елеулі серпін береді. Президент бастамасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталады, - деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, елімізде қалыптасқан өндірістік база бар.

- Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Енді осы қуаттарды «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жобаларына барынша жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейту қажет болатын бағыттарды алдын ала айқындап алу керек, - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында жинақталған нақты тәжірибе бар екенін айтты.

- Оған сәйкес 106 жобалау-сметалық құжаттама бойынша материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік айқындалды. Мұнда кәсіпорынның жаңа өнімін ұзақ мерзімді шарт негізінде өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар бекіту тетігін кеңінен қолдану қажет. Бұл шығарылатын өнім номенклатурасын ұлғайтуға, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге, сондай-ақ құзыреттерді арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді. Осындай шарттарды жүзеге асыру кезінде жобаларды жүйелі түрде қолдауға, отандық және шетелдік инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылға жауапты «Бәйтерек» инвестициялық холдингінің қаржылық құралдарын пайдалану қажет, - деді Премьер-министр.

Бұған дейін Үкімет басшысы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17 пайыз болып отырғанын айтқан еді.