Бектенов инфляцияны 10% төмен деңгейде ұстауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылы инфляция деңгейін 10 пайыздан төмен ұстауды тапсырды.

Фото: Үкімет

— Күні кеше Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында Мемлекет басшысы барлық реформалардың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Биыл инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру орнықты экономикалық өсімге жол ашатын маңызды фактор. Оған қол жеткізу үшін тиісті құралдар бар, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысы бұл жұмыстар Ұлттық Банкпен үйлестіріле отырып, жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.

— Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, сондай-ақ инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы жүзеге асыруды қатаң бақылауға алуды тапсырамын, — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, отандық өндіріске қолдау көрсету, нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, сақтау инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту шараларын, сондай-ақ баға саясатын реттеу және «Инвестицияларға тапсырыс беру» құралдарын толық іске асыруды жалғастыру қажет.

Айта кетейік, бүгін министрлер кабинеті жаңа Конституцияның күшіне енуі аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысын қарады.

Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.