Бектенов: Колледждерге халықаралық стандарттарды белсенді енгізу қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Университеттер мен колледждердің білім бағдарламасы арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Биыл колледж студенттерінің стипендиялары 50%-ға өсті. „Жас маман“ жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді. Алайда қабылданып жатқан шаралар кадр даярлау сапасы жағынан біз күткендей нәтиже бермей отыр. Сондықтан кәсіптік-техникалық білім беруді қайта жаңғырту бойынша ұсынылған жаңа тәсілдерді дұрыс деп санаймын. Халықаралық салалық стандарттар мен сертификаттауды белсенді түрде енгізу қажет. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жұмыстың сапасына тәуелсіз бағалау жүргізуі керек. Сондай-ақ технологиялық көшбасшыларды айқындай отырып, колледждерді кәсіби бейімдеу мен саралауды аяқтауы қажет. Ынталандыру жүйесі мен белгіленген KPI колледждерді оқу сапасын арттыруға талпындырады», — деді О. Бектенов. 

Оның айтуынша, университеттер мен колледждердің білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету керек.

«Дуальды оқытуды белсенді дамытып, мемлекеттік тапсырыс аясында кадрларды нақты кәсіпорындар үшін мақсатты даярлау жүйесін кеңейту қажет. Колледждер жастарымыз бен жұмыс берушілер және инвесторлар үшін „тартылыс орталығына“ айналуға тиіс. Олар мамандануды өзгерту немесе біліктілікті арттыру үшін дәстүрлі бағдарламалармен шектеліп қалмай, қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын да ұсына алады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кадр даярлау сапасы мемлекет, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы жауапкершіліктің ара-жігін нақты бөлу есебінен қамтамасыз етіледі. Сондықтан біз бизнестің осы процестегі рөлі мен белсенділігін арттырғымыз келеді», — деді Үкімет басшысы.