— Жанар-жағармай материалдарының бағасын көтеруге енгізілген мораторийді ескеретін болсақ, көршілес елдермен арадағы баға диспаритеті күшейіп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің бензин мен дизель көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан Энергетика, Сауда, Қаржы, Ішкі істер министрліктері мен Қаржылық мониторинг агенттігі және Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі отын балансына және мұнай өнімдерінің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет, — деді ол.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктеріне инфляция деңгейін төмендетуді тапсырды.
— Бағаның өсуіне сыртқы факторлардың әсерін барынша азайту жұмыстарын күшейтуі қажет. Коммуналдық қызметтерге тарифтердің шекті үлесі сақталуға тиіс, — деді Олжас Бектенов.
Айта кету керек, бүгін Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды.
Бұдан бұрын Серік Жұманғарин Үкіметтің инфляцияны тежеу шараларын атады.