Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысына: Екібастұз ГРЭС-тері жұмысында ешқандай олқылық болмасын

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа Екібастұз ГРЭС-терінің жұмысында ешқандай олқылық болдырмауды тапсырды.

Фото: primeminister.kz

- Өткен жылыту маусымында Екібастұздағы бірінші және екінші ГРЭС-те жоспардан тыс жағдайлар мен жөндеу жұмыстарының артқаны байқалды. Ол генерация көздері бойынша қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?, - деп сұрады Премьер-министр компания басшысынан.

Сауалға жауап берген Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, «Самұрық-Энерго» стансалары осыдан 30-40 жыл бұрын іске қосылған.

- Сондықтан негізгі жабдықтары ұзақ мерзімнен бері пайдаланылып келеді. Оның ішінде тозу мәселесі бар. Бірақ, соған қарамастан жөндеу жұмыстарын толық қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз. Жөндеу жұмыстарының көлемін жылдан-жылға арттырып отырмыз. Әсіресе, жөндеу жұмыстарының сапалы болуына баса назар аударудамыз. Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесін беруі керек. Жоспардан тыс тоқтауды азайтамыз, - деді ол.

Осы орайда Үкімет басшысы Екібастұздағы бірінші және екінші ГРЭС ең маңызды генерация көздері екендігін баса айтты.

- Сондықтан ешқандай олқылықтар, кемшіліктер болмасын. Бақылауда ұстаңыз, - деп ескертті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Олжас Бектенов оған Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды.