Бектенов «Самұрық-Қазынаға» Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын тездетіп салуды тапсырды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорына Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын тездетіп салуды тапсырды.

— Энергетика министрлігі «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» компанияларымен бірлесіп,
1 маусымға қарай Үкіметке жаңа газ кен орындарын дамыту және игеру жөнінде ұсыныстар енгізсін. Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы жылғы тамыз айының соңына дейін жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қосуды тапсырамын. «Самұрық-Қазына» қоры Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысын уақтылы аяқтауды ерекше бақылауға алсын, — деді ол.

Ал Энергетика министрлігіне осы жылдың үшінші тоқсанында Қарашығанақ газ өңдеу зауытына инвестиция тарту бағытында нақты шешім қабылдауды тапсырылды.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді.

Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешевке саладағы проблемаларды ашып айтпағаны үшін ескерту жасады.

Сонымен қатар Қазақстан 3 айда 17,2 млрд текше метр газ өндіргені белгілі болды.

Қазір QazaqGaz 535,5 млрд текше метр газ қоры бар 15 учаскені барлап жатыр.

Тауарлық газға арналған «әлеуметтік әмиян» газдандырылған өңірлердің бәріне таратылатын болды.