Бектенов: Үкімет азық-түлікке арналған маркетплейс әзірлеуі керек
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін мемлекеттік маркетплейс әзірлеуді тапсырды. Бұл тапсырма Үкіметтің 6 айдағы жұмыс қорытындысы талқыланған отырыста берілді.
2028 жылы әуемен жүк тасымалдау көлемі 2 есе өседі
Әуелі ол ел экономикасына тартылған инвестициялардың маңызына тоқталды.
- Бір ғана мысал – Мемлекет басшысы өңіріміздегі (Орталық Азиядағы – ред.) тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосты.
Оны қолдану цифрландырудың ауқымынк кеңейтіп, ашықтықты арттырады, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр экономиканың 6 пайыздық өсімін орнықтыра түсу үшін жасалу керек шаруаларды атады.
- Өңірлік инвестициялық штабтардың алаңын белсенді пайдаланған жөн. Жоғары технологиялық өнімдердің экспортына бағдарланған жобаларға баса назар аудару қажет.
Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үшін отандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді тапсырыстар беріп, өндірістік жүктемесін арттыру керек. Мүдделі мемлекеттік органдар өңдеуге арналған шикізаттың тасымалын жан-жақты пысықтауға тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы жер-жердегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың логистика мәселесін жеделдетіп реттеуді тапсырды. Бұл жобаларға халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын неғұрлым белсенді тарту керектігін де айтты.
Қазақстанның транзиттік әлеуеті тиісті деңгейде пайда асырылмай жатқаны да сөз болды. Әсіресе көлік дәліздерінің өткізу қабілетін тездетіп арттыру қажеттігі туындап отыр.
- Алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам жолды күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізінің бойында қолға алынған жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс.
Бұл шаралар 2028-ші жылға қарай әуе көлігімен жүк тасымалдау көлемін 2 есе, 2027-ші жылға қарай теміржол транзитін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді, - деді Премьер-министр.
Азы-түлік қауіпсіздігі, арнайы маркетплейс
Олжас Бектеновтің пайымдауынша сауда саласының болашағы осы сектордың қаншалықты цифрланғанына байланысты болмақ.
- Бұл ішкі сауда көлемін кеңейтіп қана қоймай, отандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуына жол ашады. Мүдделі мемлекеттік органдарға арнайы аграрлық азық-түлік маркетплейсін құру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын, - деді ол.
Ал мұнай-газ саласында Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын аяқтау тапсырылды. Газ өңдеу зауыттарының құрылысын да ерте бастап, уақтылы аяқтау керектігі айтылды.
Үкімет пен әкімдіктер үшін бағаны тұрақтандыру басым бағыт бола беретінін еске салған Премьер-министр өңір басшыларына делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту керек.
Жалпы орталық және жергілікті атқарушы органдарға инфляцияны бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деп түйіндеді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Яндексте жұмыс істейтін 87 мың қазақстандық әлеуметтік тұрғыда қорғалды.