«Бүгінде «Хабар» агенттігі боксқа қатысты бірнеше авторлық жобаларды түсіруді қолға алуда. Атап айтсақ, Олимпиада чемпионы, біздің мақтанышымыз Бекзат Саттарханов туралы ғұмырнамалық толықметражды фильм түсіруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, жуырда еліміздің бокс федерациясының 85 жылдығына арналған деректі фильмді көрсетеміз. Одан бөлек, АҚШ-та жүріп отанымыздың намысын қорғап жүрген боксшылар туралы деректі туынды жасау да жоспарда бар», - деді «Хабар» телеарнасының бас продюсері Айдос Тұрысбек.
Бас продюсер аталған жобаларды түсіру телеарна көрермендері алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін айттты.
«Саттархановқа қатысты жоба 2 тілде түсіріледі. Онда боксшының өмірбаяны мен үлкен спорттағы жеткен жетістіктері туралы баяндалады. Алдымен 5 бөлімнен тұратын сериал ретінде түсіру жоспарлануда, одан бөлек ғұмырнамалық толық метражды фильм түсіріледі. Бүгінде телетуындыны түсіруге дайындық яғни, боксшының ата-анасымен және бапкерлерімен келіссөз жұмыстары жүріп жатыр. Фильмді танымал режиссер Мұрат Бидосов түсіреді және ол өз көрермендеріне 2019 жылы жол тартады», - деді ол.
Сонымен қатар, телеарна продюсері фильмді түсіруге еліміздің танымал боксшылары кеңесші ретінде тартылатынын және оның негізгі бөлімі спортшының туған жері Түркістанда түсірілетінін айтты.