Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир 4 сәуірде мәресіне жетеді
Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан дүбірлі додаға Ресей, Қытай, Израиль, Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден келген 154 боксшы қатысып жатыр.
Айта кетерлігі, турнирде қыздар да бақ сынап жатыр. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, Сидней Олимпиадасының чемпионы Е.Ыбырайымов, Б.Саттарханов атындағы спорт мектебінің директоры Б.Қырықбаев, Бекзаттың әкесі С.Саттарханов пен анасы Сырлан апай қатысып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
«Биыл он бесінші рет байрағы көтеріліп отырған бұл халықаралық турнир үлкен нәтижеге жетуде. Еліміз боксында қандайда бір толағай табыстар болып жатса, оған аталған турнирдің қосқан үлесі мол деп білемін. Осы турнирден түлеген спортшылар арасынан Бекзаттай дара ұлдар шығады деп есептеймін»,- деді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков.
Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы ХV халықаралық турнир 4 сәуірде мәресіне жетеді.