Бельгия билігі Брюссельде болған жарылыстан қаза болғандар саны дұрыс көрсетілмегенін мәлімдеді
07:16, 30 Наурыз 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бельгия билігі Брюссельде болған жарылыстан қаза тапқандар саны дұрыс көрсетілмегенін мәлімдеді. Олардың дерегі бойынша, өткен аптада хабарланғандай ажал құшқандардың саны 35 емес, 32 адам.
Бұлай болуына басты себеп мынау: екі елде азаматтығы бар үш азамат екі рет қайтыс болғандардың қатарына енгізілген. Ал жарақат алғандардың саны бұрынғы қалпы - 250 адам шамасында қалып отыр.
Айта кетейік, оқиға Брюссельде 22 наурыз күні таңертең болған еді. Оны үш жанкешті жүзеге асырған. Алғашқы екі жарылғыш әуежайда іске қосылған. Ал үшіншісі қала орталығында, метро стансасында жарылған. Бельгия билігі бұған «лаңкестік» деген баға берген еді.
Қастандық шабуылын «ИМ» өз мойнына алған, деп жазады Би-би-си.