Бельгия шілдеден бастап Сириядағы лаңкестік топ бекіністерін бомбалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бельгияның әскери-әуе күштерінің алты F-16 ұшағы шілдеден бастап Сириядағы «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымының» бекіністерін бомбалайды. Еуропалық мемлекет билігі бұл туралы бүгін мәлімдеді, деп жазады 24.kz.

АҚШ наурыздың басында Брюссельге араб еліндегі соғыс қимылдарына қатысу туралы ресми өтініш жасаған еді. Бірақ Конституция бойынша әскери шараларға қосылу туралы шешім Корольдіктің басты заң шығару органында талқылануы керек.

Айта кеткен жөн, бельгиялық атқыш әуе кемелері қазір Ирактағы содырларға қарсы операцияларға қатысып жатыр.

«Үкімет Ирактағы ғана емес, сондай-ақ Сириядағы «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымына» қарсы күреске қатысу үшін F-16 ұшақтарының мандатын кеңейту туралы шешім қабылдады. Біз экстремистік ұйыммен соғысып жатқан елдердің коалициясының өтінішін қолдаймыз. Парламентте осы мәселеге арналған пікірталастар өтеді», деді Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель.