Бұл - Пеппердің атқаратын күнделікті жұмысы. Ол ауруханаға келгендерді күтіп алып, сұрақтарына жауап беріп, жол көрсетеді. Қажет болса, медбикелерге де ненің қайда тұрғаны туралы ақпарат бере алады. Құлтемір бағдарламасын жасап шығарған компания басшысы «оның негізгі міндеті - келушілерге дұрыс ақпарат беріп, жағымды көңіл-күй сыйлау» дейді.
«Бойы - небәрі 120 сантиметр. Пішіні де фильмдердегі зұлым құлтемірлер сияқты емес, сүйкімдірек. Адамдар оған жылы қабақпен қарайды. Бір жақсысы, ешкімнің жұмыс орнын тартып алған жоқ және қызметке таласпайды», - дейді ZORA BOTS компаниясының басшысы Фабрис Гоффэн.
«Пеппердің» салмағы 28 келі және сағатына үш шақырым жылдамдықпен козғала алады. Мамандардың айтуынша, құлтемір - қозғалысы қиын науқастарға көмек беруге таптырмас құрал. Сондықтан көбіне сәбилер мен қарттар бөліміне қойылады.
«Пеппер» Остенде қаласындағы «Аз Дамиан» ауруханасында қызметке алынған алғашқы құлтемір емес. Бұған дейін мұнда сөйлей білмейтін кішкентай ғана «Зора» атты робот болған. Ол науқастардың физиотерапиямен айналысуына көмек берген.