Бельгияда суықтан үш адам қаза тапты

БРЮССЕЛЬ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Ақпан айының басында Еуропадағы қатты аяздың салдарынан Бельгияда адамдардың суықтан опат болуының жағдайлары тіркелген, деп хабарлайды жергілікті БАҚ-тар.

Соңғы бірнеше күн ішінде тек Бельгия елінде ғана салқын тиюден аз дегенде үш адам қайтыс болды. Олардың біреуі өзенге құлап, тағы екеуі өздерінің үйлеріне жақын жерде үсіп, көз жұмған. Өлімнің үш оқиғасы Бельгияның француз тілді аймағы - Валлонияда тіркелген, мұндағы ауаның температурасы бұрын-соңды болып көрмеген минус 20 градусқа дейін жетті.

Бельгиялық БАҚ-ның хабарлауынша, соңғы он күнде 500-ге жуық адам Еуропадағы аяздардың құрбандары болды. Тоңып қалғандар арасында бірінші кезекте тұрғылықты жері жоқ адамдар, сондай-ақ қарттар мен өздерінің көліктерінде түнеп жүрген жүк көліктерінің жүргізушілері болды.