Бельгияда түнде жол жиегіндегі жарық өшіріледі

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгияның Валлония өлкесінде сағат 22:00-ден 5:00-ге дейін тас жолдардың орталық бөлу жолағындағы жарықтандыру өшіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түнде көшедегі 20 мың шамды өшіру жоспарлануда. Валлония үкіметі электр энергиясына жұмсалатын 400 мың еуроны осылайша үнемдемек.

Фландрияда жарықтандырылған орталық жолдардың санын азайту энергияны соншалықты үнемдемейді, деп мәлімдеді жергілікті БАҚ-қа Жолдар және қозғалыс агенттігінің (AWV) өкілі Кэтрин Кикенс.

«Бүгін Фламандрия көлік жолдарындағы жарықтандырудың үштен бір бөлігі өшірілген. Алдағы жылдары біз жолдағы тіректердің біразын бөлшектейтін боламыз. Жол қызметі қолайсыз ауа-райы немесе апат жағдайында жұмыс істей алатын жарықтандырудың 40%-ын бақылайды. Жол шамдарының 25 пайызы әлі жанып тұр», - дейді Кэтрин Кикенс.

Аймақтық жолдарға келетін болсақ, Бельгия үкіметі үшін ол жақта ақша үнемдеу қиынырақ.

«Мұндағы жағдай күрделірек, жолдағы жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер әрқашан көрінуі керек. Сондықтан ол жерде жарық тәулік бойы қосулы, бірақ алдағы жылдары біз аймақтық жолдардағы ескі жарықтандыруды жарықдиодты шамдарға ауыстырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуды 16%-ға дейін төмендетеміз», - деп атап өтті билік.

Бұған дейін Бельгияның федералды үкіметі қазіргі энергетикалық дағдарыс жағдайында отбасылар мен бизнеске көмек көрсететіні хабарланған болатын. Тұтынушылар қараша және желтоқсан айларында электр энергиясы үшін айына 61 еуро көлемінде мемлекеттік төлем алатын болады.


Фото: www.vrt.be