Беларусь ауыл шаруашылығы техникасының лизингі барынша тиімді бола түсуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық аграршылар үшін беларустық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын лизингке сатып алу барынша тиімді бола түсуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпаратына сәйкес, қолданыстағы «Беларусьта жасалған» бағдарламасы аясында Беларусь Республикасының Үкіметі өз елінде өндірілген ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтың қаржы лизингі шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтейді. Лизингтік төлемдердің өтемақы мөлшері Қазақстан Республикасында белгіленген қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2/3 бөлігін құрайды.

2017 жылғы 1 сәуірден бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің көлемі 11 пайызды құрайтын базалық мөлшерлеменің мәніне теңестірілгенін ескеретін болсақ, қазақстандық аграршылар үшін Беларусь Республикасы Үкіметінің субсидиялауы 7,33 пайызды құрайтын болады. Бұрын өтемақысы 3,67 пайызды құраған еді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңынан бастап, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сыйақы мөлшерлемесін жылдық 19 пайыздан 17,3 пайызға дейін төмендеткен. Сөйтіп, «Беларусьта жасалған» бағдарламасы бойынша тұтынушылар үшін түпкілікті мөлшерлеме шамамен 10 пайызды құрады.

«Беларусьта жасалған» бағдарламасы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрылымындағы компания - «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасында жасалған шарттың аясында іске қосылған. Лизинг мерзімі бес жылдан аспайды. Лизинг бойынша сыйақы мен негізгі борыш тоқсан сайынғы негізде төленеді.