Беларусь байқаушылары қазақстандықтардың кең пейіліне риза болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусь байқаушылары қазақстандықтардың кең пейіліне риза болды. Бұл туралы бүгін Беларусь Орталық сайлау және референдумдар өткізу комиссиясының мүшесі Иван Щурок айтты.

«Сайлау учаскелеріне барған кезімізде біз тек қана сайлау комиссияларының мүшелерімен ғана емес, сонымен бірге қарапайым адамдармен - сайлаушылармен де сөйлестік. Ел тұрғындарымен әңгімелесу біздер үшін де жағымды сезім туындатты. Біз қазақстандықтар тарапынан кең пейілділік қарым-қатынасты байқап, таң қалдық», - деді ол.

Сонымен бірге ол байқау барысында 10 сайлау учаскесінде болып, дауыс беру барысымен жан-жақты танысуға мүмкіншіліктері болғанын атап өтті.

«Сайлау тамаша ұйымдастырылған. Меніше, мұндай әрбір сайлауды байқау мүмкіншілігі тәжірибе алуға, өзіңнің достарың мен әріптестеріңнен үйренуге мүмкіндік береді. Қазақстан - біз үшін бауырлас ел. Біз доспыз, біздің Президенттеріміз дос. Мұны әр уақытта да қолдау қажет», - деді И.Щурок.

Естеріңізге сала кетейік, кеше елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. ҚР ОСК деректеріне сәйкес, облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларынан келіп түскен хабарлар бойынша тізімге енгізілген 9 млн. 810 мың 920 сайлаушының 7 млн. 564 мың 281-і сайлау бюллетеньдерін алды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, республика бойынша тізімге енгізілген барлық сайлаушылардың 77,1 пайызы дауыс беруге қатысты.