Беларус ғылыми-зерттеу институтының үздік жобаларын Астанада таныстыру туралы келісім жасалды

МИНСК. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Айтуар Мамлин/ - Беларус Республикасының Ұлттық ғылымдар академиясында Қазақстанның білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Академия президиумының төрағасы Анатолий Русецкиймен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ғылым саласындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Беларус тарапы медицина, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда пайдалануға болатын энергия үнемдеу, ғарыш және басқа да жоғары технологиялар саласындағы жүйелі инвестициялық жобаларды таныстырды.

«Ғылымды коммерцияландыру жөнідегі беларус тәжірибесі Қазақстанның назарын аударып отыр, бұл салада бірлесіп жұмыс істеудің мүмкіндігі бар», - деп атап көрсетті министр Б.Жұмағұлов өз сөзінде.

Кездесудің соңында қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында Астанада беларус ғылыми-зерттеу институттарының үздік жобаларының таныстырылымын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Осыған байланысты министр Б.Жұмағұлов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің ректорына Қазақстан үшін басымдықты жобаларға алдын ала баға беру және оларды іріктеу жөніндегі нақты тапсырма берді.

Кездесуге Қазақстанның Беларус Республикасындағы елшісі Анатолий Смирнов, Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев, ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбдрайымов қатысты.