Беларусь кәсіпкерлері ақмолалықтарға машина жасаудың тың жобасын ұсынбақ

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Беларустер ақмолалықтарға машина жасаудың тың жобасын ұсынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірге жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі Виталий Вовк бастаған бір топ беларустық іскер азаматтармен кездесті.

Кездесуде аймақ басшысы Ақмола облысының Беларусь Республикасымен достық қатынасы ертеден бастау алатынын атап өтті.

«Көкшетау қаласында ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалар шығаратын Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылуы осының айқын мысалы», - деді Мәлік Мырзалин өз сөзінде.

Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамыту, ауыл шаруашылғы техникаларының жаңа түрлерін шығару, сондай-ақ, келешекте беларустің «МАЗ», «МТЗ», «Бобруйскагромаш», «БелАЗ», «Гомсельмаш» тәрізді ашық акционерлік қоғамдары шығаратын автобустарды Ақмола облысында да қолдану және оларды жеткізу мен сервистік қызмет көрсету мүмкіндіктерін талқылады.

Өз кезегінде Виталий Вовк мырза да жылы қарсы алған аймақ басшысына алғысын білдіріп, екіжақты әріптестік қатынасты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Біздің Қазақстан нарығында жұмыс істегеміз келеді. Беларусь тауарларын сатып қана қоймай, осы жақтан да шикізат сияқты қажетті өзімізде жоқ өнімдерді сатып алуға ниеттіміз. Ақмола облысы өнеркәсіптік және аграрлы облыс болғандықтан, түрлі салалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Әсіресе, екі ел арасында сауда-экономикалық, көліктік, мәдени-гуманитарлық салаларда жүзеге асырылмай жатқан әлеуетті жобалар бар. Оның ішінде Ақмола облысымен бірлесіп, машина жасау саласында тың жобаны жүзеге асыруға ниеттіміз», - деді Виталий Вовк.

Сапар аясында меймандар алдымен Көкшетау қаласының солтүстік өнеркәсіп аймағында жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалар шығаратын Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бірлесіп қолға алынған жобаның жүзеге асырылу барысымен жақын танысып, одан әрі дамыту жолдарын қарастырды. Қазір тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрі шығарылуда.

Айта кетейік, өткен жыл қорытындысы бойынша, Ақмола облысы мен Беларусь Республикасы арасындағы тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.