Беларусь Кеден одағы және БЭК туралы келісімшарт аясындағы міндеттемелерін орындауда

МИНСК. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Айтуар Мамлин/ - Беларусь Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы келісімшарт аясындағы міндеттемелерін орындауда.

Бұл туралы Беларусь Республикасы Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Беларусь Республикасының Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы келісімшарт аясындағы халықаралық міндеттемелерін мүлтіксіз орындау мақсатында, Ұлттық банк 2011 жылғы 16 наурыздан бастап беларусь импорттаушыларына сыртқы сауда келісімшарттары бойынша аванстық төлемдерді Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шаруашылық жүргізуші субъектілерінің пайдасына еркін жүргізуге рұқсат берді.

Бұл шара мемлекеттердің нарықтық қатынастарын дамытуды әрі қарай үйлестіруге және үш елдің шаруашылық субъектілеріне сыртқы экономикалық қызметте тең жағдай жасауға негізделіп отыр.