Беларусь ОСК президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін Александр Лукашенконың құжаттарын қабылдады

Фото: Фото: Беларусь Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

АСТАНА.KAZINFORM - Беларусь Республикасы президенттігіне кандидат 7-21 желтоқсан аралығында Орталық сайлау комиссиясына тіркеуге қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс, деп  жазады БЕЛТА.

Президенттікке кандидат Орталық сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс: сайлауға түсуге келісім беру туралы өтініш, белгіленген нысан бойынша өмірбаян, білімін, жұмыс орны мен лауазымын растайтын анықтамалар немесе құжаттардың көшірмелері, табыстары мен мүлкі туралы декларациялар, сондай-ақ бірге тұратын және ортақ шаруашылық жүргізетін жұбайының және кәмелетке толған жақын туыстарының табыстары мен мүлкі туралы анықтама.

Құжаттарды Президенттікке үміткер кандидаттардың өздері немесе олардың өкілдері сенімхат бойынша өткізе алады. Мемлекет басшысының сенімхаты бойынша ОСК-ға барлық қажетті құжаттарды Беларусь Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Юрий Сенько ұсынды. Оның айтуынша, қол жинау кезеңі тыныш жағдайда өтткен.

- Бұл көшелердегі пикеттер, кәсіпорындарға бару, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қол жинау үшін анықталған жерлерде жұмыс істеу болды. Адамдар үлкен қызығушылықпен, бастамашыл топ мүшелерімен үлкен ынтамен кездесіп, қол қойды. Одан кейінгі кезеңдердің барлығы да тыныш, қалыпты жағдайда өтеді деп ойлаймын. Халық мұны қалайды. Бұл қол жинау кезінде сезілді, - деді Юрий Сенько.

2024 жылдың 22 желтоқсаны мен 31 желтоқсаны аралығында Беларусь Республикасының президенттігіне кандидаттарды тіркеледі (сайлауға 35 күн қалғанда басталып, 25 күн бұрын аяқталады).

Сайлау алдындағы үгіт 2025 жылдың 1 қаңтары мен 25 қаңтары аралығында өтеді.

Беларусь президентінің сайлауы 2025 жылдың 26 қаңтарына белгіленген.