Беларусь Премьер-Министрі Елбасы Н.Назарбаевқа алдағы кезектен тыс сайлауда сәттілік тіледі

МИНСК. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Беларусь Премьер-Министрі Михаил Мясникович Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алда болатын кезектен тыс президенттік сайлауда сәттілік тіледі.

Бұл туралы ол Қазақстанның Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен Минскіде өткен екіжақты кездесуі барысында мәлім етті.

«Осы сәтті пайдалана отырып, сізден құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сәлемімді жеткізуді сұраймын және қазір елдеріңізде жүріп жатқан сайлауалды науқанда жеміс тілеймін. Ол - біздің, Беларус елінің үлкен досы», - деді өз сөзінде Беларустың Үкімет басшысы М.Мясникович.

Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Минскіге бүгін өтетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысу үшін келді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден органының жоғары органы) үкімет басшылары деңгейіндегі отырысында Еуразиялық экономикалық кеңістікті құруға, жоғары органдардың қызметтерін жетілдіруге, ЕурАзЭҚ Сотының жұмысын ұйымдастыруға, үшінші елдерге қатысты бірыңғай миграциялық саясатты әзірлеуге және Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің заңнамаларын кодификациялауға қатысты мәселелер қаралмақ. Мәжілістің күн тәртібіне сондай-ақ Кеден одағына мүше елдердің ДСҰ-ға қосылуы мәселесі де енгізіліп отыр.