Италия Республикасының Министрлер кеңесінің төрағасы Сильвио Берлусконидің осы көрмеге шақыруына жолдаған жауабында Беларусь Президенті Александр Лукашенко осылай деді.
Беларусь Президентінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, А.Лукашенко 2009 жылы С.Берлусконимен болған кездесулердің қорытындысы бойынша екі елдің арасында қол жеткізілген ынтымақтастықтың дамуында ілгерілеушіліктің бар екенін атап көрсетті.
«Барлық дерлік саладағы қарым-қатынастардың құқықтық базасы жасалып бітті, тауар айналымы өсіп, беларусь экономикасына салынып жатқан итальяндық инвестиция артуда. Брест қаласында Италияның өнеркәсіптік округін құру туралы Сіз бен біздің шешіміміз жүзеге асырылған соң, республикамызда және Беларусь, Ресей мен Қазақстанның Кеден одағының барлық кеңістігінде Италия бизнесі үшін жаңа перспективалар ашылатыны сөзсіз», - деп атап көрсетіледі хатта.
А.Лукашенко сондай-ақ, «ЭКСПО-2015» көрмесінің екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне, өзара тиімді жаңа бағыттарды ашатынына, бизнес-қоғамдастықтардың әлеуеттерін екі ел халықтарының игілігі үшін пайдаланудың мол мүмкіндігіне сенім білдірді.