Беларусьте 52 тұтқын босатылып, Литваға жіберілді

Фото: https://t.me/viasna96

АСТАНА. KAZINFORM — Беларусь билігі 52 тұтқынды босатты, олардың барлығы қазіргі таңда Литва аумағында. Бұл туралы Литва президенті Гитанас Науседа хабарлады, деп жазады Еuronews.com.

Жедел өткізілген баспасөз мәслихатында Науседа Литва сыртқы істер министрі Кястутис Будрис босатылғандарды шекарада қабылдағанын растады.

Беларусь президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, шетел азаматтарының арасында алты литвалық бар. Қалғандары Франция, Германия, Польша және Ұлыбритания азаматтары.

Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен сөйлесіп, тұтқындарды босатуға шақырғанынан бір ай өткен соң жасалды.

Әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Науседа Трампқа алғыс айтып, 52 адамның бостандыққа шығуын «өте үлкен қадам» деп бағалады. Ол босатылғандардың «тікенекті сым, торланған терезелер мен үздіксіз қорқынышты артта қалдырғанын» атап өтті.

«Алайда Беларусь түрмелерінде әлі де мыңнан астам саяси тұтқын отыр. Біз олардың барлығы еркіндікке шыққанша тоқтамаймыз», — деді Литва президенті.

2024 жылдың шілдесінен бері Беларусь билігі 300-ге жуық адамды түрмеден босатты.

Айта кетейік, Польша Беларусьпен шекарасын жабады.