Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева Еуразия университетінің студенттерімен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 сәуір күні (сағат 17.00-де) Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтеді.

Ақұштап Бақтыгереева елімізге танымал ақын. Ол - Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құр­мет» орденінің иегері және «Алаш» халықаралық әдеби сый­лығының лауреаты. Ақұштап Бақтыгереева жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәуелсіз елдің болашағын қалыптастыруда еңбек сіңіріп жүрген ақынның бірі. Ол жас ұрпақ тәрбиесі туралы және ұлттық құндылықтарды қастерлеу жайлы ой-толғамдарын студенттердің санасына көбірек сіңіру қажет деп есептейді.

Қазір Орал қаласында тұратын ақын Астана жұртшылығына жалынды жырларын ала келіп отыр. Осы кеште ақын асқақ та өршіл өлеңдерін оқып, қоғам, заман, рухани байлық туралы өз ойларымен бөліспекші.

«Жайықтың ақ шағаласы» атты әдеби-сазды кешті Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Әдеби-мәдени іс-шараны аталған бірлестіктің жетекшісі, белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбай жүргізеді.