АСТАНА. ҚазАқпарат – Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев 74 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қойшығұл Жылқышиевтің қайтқаны жөнінде ақын-жазушылар әлеуметтік желідегі парақшаларында жазып, марқұмның отбасына, тума-туыстарына көңіл айтып жатыр.
Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген.
1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеді. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының және республикалық «Махамбет» қорының президенті болды.
«Тамаша» ойын-сауық отауын ашқаны үшін (Лұқпан Есеновпен бірге) авторлық куәлік берілген.
Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды. «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер» жыр жинақтарының авторы.
М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды (1996 жыл). Сондай-ақ Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003 жыл).
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).