Бүгін Астанада Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің өзекті мәселелері атты республикалық семинар отырысы кезінде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Құжат айналымы және кадр жұмысы департаменті Кадр жұмысы және тіл саясаты басқармасының бас сарапшысы Серік Упиев осылай атап көрсетті.
Аталмыш семинарда қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік тілді дамытудың әдіснамалық, әдістемелік тәжірибелік мәселелерін ашу, өз қызмет саласында, ғылыми тұрғыда, әдістемелік мәселелер көтерілген болатын. Оған Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері, экология және табиғатты қорғау саласында қызмет істеп жүрген тәжірибелі мамандар, эколог ғалымдар, мемлекеттік тілдегі әдістемелік және әдіснамалық құралдар мәселелер жөніндегі сарапшылар өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
«Біздің ең бірінші мәселеміз - экология саласындағы терминологияның қалыптаспауы. Мамандардың тіл білімінің жоқтығы. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, белгілі бір саланы дамыту үшін, аталған саланы мемлекеттік тілде сөйлетуіміз қажет. Ол үшін сол бағытта мемлекеттік тілдегі терминологияны қалыптастыруға тиіспіз»,-деп атап көрсетті С. Упиев.
Оның айтуынша, салалық терминологияда бірізділіктің жоқтығы қазақ тілінде мемлекеттік іс жүргізу, мемлекеттік тілде құжат айналым салаларына біршама қиындықтар келтіріп отыр. Соның әсерінен мемлекеттік органдар бірін бірі түсінбейтін жағдайға жеткен.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым өз сөзінде Қазақ елінің болашағы - қазақ тілінде деп айтып келеді. Алайда біз қазіргі таңда оны іске асыра алмай отырмыз»,-деп атап көрсетті ол.
Биыл Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған орай қатысушылар семинар барысында бағдарлама аясында қамтылған мемлекеттік тілде іс жүргізу, мемлекеттік органдарда қазақ тілінде іс атқара алатын мамандарды даярлау түйткіліне баса назар аударуға тырысты.