Белгілі ғалым, дәрігер Сәуле Рысқұлова дүниеден озды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше 80 жасқа қараған шағында, белгілі ғалым, дәрігер Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова дүниеден озды.

Сәуле Тұрарқызы Алматы Мемлекеттік медицина институтын бітірген соң өз еңбек жолын сол оқу орны қабырғасында ассистент болып бастаған. Кейінірек бөлім меңгерушісі, бірқатар ғылыми зерттеу институттарында аға оқытушы, зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер болды. Ғалым ретінде плазмалық мембраналардың жасушаның радиациялық сәуледен зақымдануында атқаратын рөлін анықтап, радиобиологияда жаңа ғылыми бағыт қалыптастырды. 100-ден астам ғылыми жарияланымның, ғылыми монографияның авторы да еді. Ғылыми техникалық кеңестердің сарапшысы және мүшесі ретінде еліміздің уран кәсіпорындарын тексерді.

Өмірінің соңғы жылдарын әкесінің тағsлымын зерттеуге арнаған ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған жылын нақтылауға да зор үлес қосты. Онымен қоштасу бүгін Алматыда Бөгенбай батыр және Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан марқұмның үйінде өтеді.