Белгілі қаламгер Нұрғожа Ораздың үш кітабының таныстырылымы болып өтті

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың «Әлем қайда барады?», «Өмірдің өзі сөйлейді» және «Үш таған» атты үш кітабының таныстырылымы болып өтті.

Халық жазушысы, ақын Кәкімбек Салықов, жазушылар Дүкенбай Досжан, Қойшығара Салғараұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерғожа Тілепбердиев, заң ғылымдарының докторы Қабдеш Ыдырысов және басқа да қаламгерлер мен ғалымдар ақын Нұрғожа Ораздың жаңа кітаптары туралы ой толғады. Айта кету керек, жазушының «Әлем қайда барады?» және «Өмірдің өзі сөйлейді» публицистикалық шығармалары қоғамның дамуы, жаһандық өзгерістердің ықпалы, өмірдің көкейкесті мәселелері жөнінде сыр шертеді. Қаламгер өз ойларын жаза отырып, оқырмандарға ой тастайды.

Ал «Үш таған» атты поэзиялық жыр жинағына қаламгердің соңғы жылдары жазған өлеңдері мен үш поэмасы енген.

Осы мәдени шараны шебер жүргізе білген «Ұлы дала қырандары» қоғамдық, әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағасы, жазушы-журналист Сәдібек Түгел қаламгердің шығармашылық жетістіктері жөнінде айтып өтті.

Әдеби-мәдени кеште ән шырқалып, күй тартылды. Жаңа кітаптардың топтамасы кітапханаға табыс етілді.

Кеш соңында ақын Нұрғожа Ораз жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.