Белгілі қазақстандық тұлғалар Ниццадағы лаңкестік жайлы: Әлемде үндестік заңы бұзылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері 14 шілдеде Францияның Ницца қаласында болған лаңкестік оқиғаға қатысты өз пікірлерін білдірді.

«Терроризм «қатерлі ісікке» айналды. Бұл індетті бүкіл әлем болып жоюымыз керек. Өкінішті. Біз осылайша Алланың қаhарына ұшыраймыз», - деді әнші Нұрлан Абдуллин.

Қоғам қайраткері Аружан Сайын лаңкестік оқиғаны әлемде рухани жарасымдылықтың, үндестіктің бұзылғандығымен байланыстырады.

«Меніңше, әлемде үндестік заңы бұзылып жатыр. Адамдар бір-бірін естігісі келмейді. Өздерінің дұрыстығын осындай қанқұйлы әрекеттермен дәлелдегісі келеді. Лаңкестердің өз мақсаттары, ұйымдастырушылары бар. Сол ұйымдастырушылар өмірде өз орнын таппаған, сауаты төмен адамдарды айналасына жинайды.
Олар ресурс үшін соғысып жатыр. Меніңше, лаңкестік, адамдарды кепілдікке алудың, қорқытып-үркітудің бір формасы», - деді А. Сайын.

Сонымен қатар, ол қоғамды бірігуге шақырды.

«Меніңше әлемді, жер шарын, адамзатты құтқару идеясынан артық біріктіруші идея жоқ. Адам баласы көп күнәға батып жатыр, қазір. Қазір әлемде болып жатқан жағымсыз, қайғылы оқиғалар жер ананың бізге жасап жатқан қаhары ма деп ойлаймын», - деді А. Сайын.

Режиссер Ермек Тұрсынов өз ойын қысқаша жеткізді:

«Жалаң сөздермен жауап бергім келмейді. Түсінікті ғой: бұл жақсылықа апармайды».

Естеріңізге сала кетелік, 14 шілде күні Францияның Ницца қаласында мемлекеттік мереке - Бастилия қамалын алу күні құрметіне орай ұйымдасырылған салтанатты шарадан кейін ауыр жүк көлігін басқарған жүргізуші мерекеге жиналған адамдарды басып өлтірді. Оқиға салдарынан 80-нен астам адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланды.